Республикалық сайыста үлгі болған ауыл
Железин ауданы
Железин ауданының Веселая Роща ауылы тазалығы мен көркейту жұмыстарының нәтижесінде республикалық «Үлгілі ауыл» байқауының финалына шықты. Елді мекен тұрғындары туған жердің ажарын ашуға атсалысып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады. Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен әріптесіміз Байтұрсын Жұмабай танысып қайтты.
1916 жылы негізі қаланған Веселая Роща ауылы бүгінде береке-бірлігін сақтаған елді мекен ретінде танылып отыр. Мұнда аға буын өкілдері де қоғамдық өмірден шет қалмай, жастарға бағыт-бағдар беріп, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетеді.
Ауылдың көркі — тазалық пен тұрғындардың ортақ жауапкершілігінде. Мұнда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбіліктер ұйымдастырылып, аулалар мен қоғамдық орындарды күтіп ұстауға ерекше мән беріледі.
Тазалыққа деген жауапкершілік жас ұрпақтың тәрбиесінен де көрінеді. Ауыл мектебінде 88 оқушы білім алады. Оқушылар қоғамдық жұмыстарға қатысып, жалғыз тұратын қарттардың үй шаруасына көмектеседі.
Елді мекеннің дамуына инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да ықпал етіп отыр. 2023 жылы алты ірі жоба жүзеге асырылып, жолдар асфальтталды, мектеп пен Мәдениет үйі жөндеуден өтті. Ал 2025 жылы Железинка – Веселая Роща автожолын жөндеу жұмыстары аяқталды.
Елді мекен маңындағы сүт-тауарлы фермада қазақтың ақбас тұқымды екі мыңға жуық ірі қара өсіріледі. Кәсіпорын жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, ауылдың экономикалық әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді. 2023 жылы ферма Қазақстандағы сүт өндіретін үздік он кәсіпорынның қатарына енген.
Алдағы уақытта Веселая Рощада абаттандыру жұмыстары жалғасады. Жоспар бойынша воркаут алаңдарын орнату және Мәдениет үйінің алдындағы саябақты ретке келтіру көзделген.
Байтұрсын Жұмабай