«Ертіс» «Қайраттан» ірі есеппен жеңілді
Биыл Қазақстан Премьер-лигасында өз орнын сақтап қалу үшін күрес соңғы турға дейін жалғасады. Өкінішке қарай, жоғары дивизионнан шығып қалу қаупі бар клубтардың қатарында біздің «Ертіс» те бар. «Ертіс» Павлодарлық футболшылар сырт алаңда «Қайратқа» қарсы матч өткізді.
15 қазанда алматылықтар Конференциялар лигасының жалпы кезеңі аясында сырт алаңда «Рига» командасымен ойнаған болатын. Соған қарамастан, павлодарлықтарға қарсы «Қайрат» толыққанды негізгі құрамын шығарды. Өйткені алматылықтардың чемпиондық алтын медальға қол жеткізуге әлі де теориялық тұрғыда мүмкіндігі бар.
15-минутта бұрыштама добын сәтсіз орындау алаң иелерінің қауіпті шабуылына ұласты. Нәтижесінде Марк Гуаль көзге түсті.
Бір минут та өтпей жатып, «Ертіс» қақпашысы Мирас Рихардтың өрескел қателігі «Қайраттың» басымдығын арттыруға мүмкіндік берді. Эдмилсон есепті еселей түсті.
34-минутта Марк Гуаль осы кездесудегі екінші голын соқты. Осылайша алматылықтар 3:0 есебімен алға шықты.
63-минутта Руслан Юденков бір голдың қарымтасын қайтаруға мүмкіндік алды. Алайда оның соққысын алаң иелерінің қақпашысы Темірлан Анарбеков қайтарды.
73-минутта «Қайраттың» испаниялық жартылай қорғаушысы Марк Гуаль хет-трик жасады. Бұл жолы ол Мирас Рихардтың орнына алаңға шыққан қақпашы Богдан Сарнавскийді қапы қалдырды.
83-минутта Азамат Туяқбаев матчтың соңғы нүктесін әдемі голмен қойды. 5:0 — павлодарлық клуб ірі есеппен жеңілді.
Турнирлік кесте: Қатарынан үшінші рет жеңілген «Ертіс» 14-орынға сырғыды. Премьер-лигадан шығып қалу аймағынан небәрі бір ұпай ғана жоғары тұр.
25 қазан, жексенбі күні өтетін соңғы тур алдындағы ойында павлодарлықтар сырт алаңда «Атыраумен» кездеседі. Қазіргі уақытта 27 ұпайы бар бұл команда турнирлік кестеде 11-орында келеді.
Мурат Әбілмәжит