Бүгінде әлеуметтік желіде фейк ақпараттар көп тарайды. Бұл жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға айтылған өтірік. Ал, өтірік хабар таратудың діндегі жазасы қандай? Тілшіміз имамнан сұрап көрді.

Өтірік айту, жалған куәлік беру деген сияқты алдап-арбауға қатысты бар амалдарға дінде тыйым салынған. Өтірік әңгіме немесе өтірік хабарламаның кесірін тек бір немесе бірнеше адам ғана тартпайды, мына жаһандану заманында мұның зардабын барлық дерлік қоғам мүшелері, ұлттар мен ұлыстар да тартуы мүмкін. Өкінішке орай, бүгінде желі арқылы фейк, яғни, өтірік хабарларды тарататындар пайда болған. Біреу білместікпен фейк хабар таратады, екіншісі фейк хабарды әзілдеп таратуы мүмкін, үшіншісі фейкті қызық көріп таратуы ықтимал.

АҚТӨРЕ ТҰРАПБАЙ, ОМАР ФАРУҚ МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ

Өтірік сөйлеу, яғни, жалған ақпарат беру шариғатымызда, ислам дінімізде ең үлкен күнәлардың бірі болып саналады. Ол адам жалған хабар бергені үшін ол адамды қиямет күні ауыр жаза күтіп тұр. Құран Кәрімде Алла ескертеді: «Егерде сендерге пасық адам келіп, бір хабар ай татын болса, оның айтып жатқан хабары дұрыс екендігіне көздеріңді жеткізіңдер» дейді.

Шариғатқа сәйкес бұл дүниеде өтірікші адам ақыретке дейін өзінің айтқан өтіріктерін арқалап жүреді екен. Дініміз әр адамның шыншыл болуын үгіттеп, жалғандықтың жарға жығатындығын әрқашан ескерткен.

Жанасыл Серікбол