Торайғыров атындағы облыстық кітапханада халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иесі, ғалым, ақын, жазушы Серік Елікбайдың шығармашылық кеші өтті. «Сөз ұясындағы сәуле» атты шараға арнамыздың түсірілім тобы қатысып қайтты.
Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ғалым, ақын, жазушы Серік Елікбай биыл 55 жасқа толды. Облыстық кітапханада қарымды қаламгердің мерейтойымен орайластырылып «Сөз ұясындағы сәуле» атты шығармашылық кеші өтті. Шара қонақтары құттықтау сөз сөйлеп, қазақы дәстүрмен мерейтой иесінің иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Қаламгер – 30-ға жуық мектеп оқулығының, ғылыми монографиялардың авторы. Сондай-ақ соңғы 6 жылда 7 роман жазып үлгерген. Оның төртеуі жарық көрді. А. Байтұрсынұлы «ұлы әңгіме» деп атаған жанр көп ізденісті, зерттеуді қажет етеді. Осы орайда, жазушының көбіне тарихи тақырыпта қалам тербейтінін ескерсек, ол шығармашылық шеберлігін танытады.
ЕРТАЙ ЖҮСІПОВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
Қазіргі уақытта әдебиетпен, оның ішінде прозамен айналысу өте қиын шаруаға айналғаны белгілі өздеріңе. Әрине ақындарымыз көп, артылып жатыр. Бірақ қара жұмыс, оның ішінде прозаға аяқ басу үлкен дайындықты, талапты, талантты қажет ететін сала болғандықтан, Серік Елікбай үлкен майданда қара нар болып, әдебиеттің жүгін арқалап жүрген біртуар азамат
Жазушы шығармашылық кештің өтуіне атсалысқан жандарға алғысын білдірді. «Шара халықпен қауышып, пікірін тыңдауға жақсы мүмкіндік болды», - дейді.
СЕРІК ЕЛІКБАЙ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ЖАЗУШЫ, АҚЫН
Елдің ықыласына рақмет! Әкімшілікке рақмет! Інілеріме рақмет! Ағаларға рақмет! Жазарымыз таусылмасын, жазарымызды оқитын ел аман болсын! Осының бәрі егемендіктің арқасы деп білемін. Ел аман болсын! Ел аман болса, жер де, жұрт та – бәрі аман болмақ. Кітап оқиық, жазайық!
Серік Елікбайды мерекесімен құттықтауға оның шәкірттері де келді. Белгілі айтыскер Аспанбек Шұғатаев ұстазына жылы лебізін білдіріп, жырдан шашу шашты.
Жұлдыз Қабылденова