Бүгін қазақ вальсінің королі, атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Бар ғұмырын ән әлеміне арнаған дарын иесі артынан өшпес мұра қалдырды. Оның өміршең әндері әлі күнге дейін айтылып, тәуелсіз қазақ аспанында қалықтап жүр. Ендеше, келесі сюжетте әйгілі сазгердің шығармашылығы мен еселі еңбек жолы баяндалады.
Шәмші Қалдаяқов қазақтың маңдайына біткен композиторы. Ол қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Әлдиді тыңдамаса ұйықтамайтын балаға анасы Естайдың "Қорланын" ыңылдап айтып отырып тербеткен екен. Содан болар Шәмшінің өмір бойы сүйіп айтатын әні "Қорлан" болыпты. Біреу білсе, біреу білмес, композитор бірден өнер жолына түспеген. Әуелі зооветтехникумды бітірген, кейін Сахалиндегі әскери училищені тәмамдаған. Тек елге келгеннен кейін Ташкент қаласындағы музыка училищесін, содан соң Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясында оқыған. Алайда, әлдебір себептермен Шәмші диплом ала алмай, өмірінің соңына дейін әуесқой сазгерлер қатарында жүрген. Бүгінде Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр», «Ақ сұңқарым», «Ақ бантик», «Қара көз», «Қайықта» секілді әндері жұртшылық арасында кеңінен танымал.
Қалдаяқов ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, ерекше леп ала келген сазгер ретінде көрінді. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. Оның Қазақстанның кең байтақ даласын жырға қосатын «Жарқырайды Жезқазған», «Қарқаралы», «Байқоңыр», «Талдықорған – әнім менің», «Ырысты өлке – Шардара», «Отан», «Теріскей», «Отырардағы той», «Көгілдір Көкше», «Өмір өзен», «Мойынқұмда» және тағы басқа әндерін халық ерекше ықыласпен қабылдады.
Осыдан ақ павлодарлықтардың Шәмші әндерін білетіні, айтатыны байқалды. Айта кетейік, биыл Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 94 жыл. Иә Шәмшінің әндері қалың қазақтың жырдан жырға, жылдан жылға жалғайтын мұрасы.
Самал Қалиқызы