Павлодар облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталып, марапаттау салтанаты өтті. Бірінші орынды ұстаздар әулеті жеңіп алды. Толығырақ алдағы сюжеттен көрейік.

Ұлт болашағының ең басты тұғыры - отбасы. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің де түп-төркіні осы. Байқау мақсаты, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп, адамгершілікті, рухани байлықты нығайтып, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыруға негізделген.

Тәрбиелік мәні зор байқауға жыл сайын өңіріміздің отбасылары бақтарын сынап, қатыса алады. Іріктеуден өткен жанұялар аймақ намысын республика деңгейінде қорғайды. Бастапқы кезең аудандық деңгейде ұйымдастырылады. «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауына қатысуға облыстан 100 отбасы өтініш білдірген, оның 13-і ақтық кезеңге өтті. Ата Заң күні қарсаңында үздіктер анықталды.

Ұлттық байқаудан бірінші орынға ие болып, республикалық деңгейге жолдама алған – Теміровтер әулеті. Олар Ақтоғай ауданы, Қараоба ауылынан болады. Отбасы оқу-ағарту бағытында еңбек етіп, ұстаздар династиясы атанып келеді. Марапаттау рәсіміне Рысбек Теміров пен Шолпан Байдильдинаның ұлдары қатысып, қуанышты сәтімен бөлісті.

Айта кетейік, әр аудан атынан келген барлық отбасылар түрлі аталымдарда марапатталды. Ал, жүлделі 3 орынды Май ауданының намысын қорғаған Адамжановтар отбасы иеленді. Отбасы мүшелерінің барлығы спорттың әр түрімен айналысады. Отағасы дұрыс тәлім-тәрбие басты құндылық дейді.

Ұлт болашағының ең басты құндылығы мен іргетасы бұл отбасы.Ал, бұл орайда ұйымдастырлатын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы тәрбиенің үлкен мектебі.