Аймақтағы руханияттың қара шаңырағы – Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театры кезекті 36-ыншы маусымын ашты. Көрермен назарына «Шәмші» спектакль-концерті ұсынылды. Тілшіміз де қойылымды тамашалап қайтты.

Сахнада қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың тағдыры назарға ұсынылды. Негізгі кейіпкерлер – Шәмші мен оның шабыты. Ол ішкі тебіренісінің дүниеге ән болып шығуына әсер етеді. Шәмші Қалдаяқовтың рөлін ҚР мәдениет қайраткері Бейбіт Шәнім сомдады.

БЕЙБІТ ШӘНІМ, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ

Шәмшінің өмірі, өмірінде талай қиыншылықтары болғаны, соған мойымай, әрқашан қазақты сусындатып, әнімен елітіп-тербетіп жазған әндері осы спектакльде айтылады. Еркіндікті аңсаған адам. Ол кісі мынадай қалыпқа сыймаған. Сол туралы спектакль-концертте айтылады. Театрымыздың 36-шы маусымына халыққа көңіл-күй, әнмен шашу шашқалы болғандай тұрмыз.

Әртістер театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен композитрдің танымал әндерін шырқады. Барлығы 19 ән орындалды.

Шәмші туралы туынды жазылмастан бұрын көп ақпарат жиналған. Басты мақсат – сазгердің ішкі дүниесін, болмысын, ойы мен арманын жеткізу. Биыл театрда ата-ана мен бала тақырыбында көптеген үлкен жаңа қойылымдар ұсынылады.Оған ұжымның дайындығы да жоғары.

ӘДІЛЕТ АҚАНОВ, Ж.АЙМАУЫТОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ-МУЗЫКА ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ

Биыл Жүсіпбек Аймауытов атамыздың 135, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы. Сол себепті осы екі ірі тұлғаға «Қаныш мен Жүсіпбек» атты үлкен қойлым қою жоспарда бар. Барлық актерлар сақадай сай. Әрине халықты сағынды Өйткені, маусымды жапқанымызға 2 айға жуық уақыт болды. Сондықтан әрқашан көрерменді асыға күтеміз.

Айта кетейік, жақында еліміздегі үздік өнер ұжымдарының басын қосатын «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар додасы біздің өңірде ұйымдастырылады. Қазір театр ұжымы қызу дайындық үстінде, бұл шығармашылық байланысты нығайту мақсатында өтпек.

АРМАН ТЕМІРБЕКҰЛЫ, Ж.АЙМАУЫТОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ-МУЗЫКА ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Тағы бір үлкен өнер бәйгесі алда келе жатыр. 20-25 қыркүйек аралығында Ж.Аймауытовтың туғанына 135 жыл толуына орай республикалық «I Ертіс-Баян» театрлар фестивалі өтейін деп отыр. Барша Ертіс-Баян жұртын сол театр өнер бәйгесінде күтеміз.

Сонымен, театрға жиналған өнерсүйер қауым жаңа маусымды асыға күткенін көрсетті. «Шәмші» спектакльндегі сазгер әндерін қосылып шырқауы – оның айқын дәлелі.

ҚЫМБАТ САДЫҚ, МЕДЕТ КӘРІМ, ЕА