Павлодарда ұйымдастырылған баспасөз туры барысында өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Аумақта қандай өніріс орындары ашылды? Шаруашылыққа қандай серпін беруде? Алдағы материалда.

Турдың алғашқы нысаны – композитті коагулянттар шығаратын «Ascor» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын су тазарту саласына қажетті реагенттер өндіреді. Мамандардың айтуынша, өнім экологиялық таза әрі импортты алмастыратын отандық балама ретінде жоғары сұранысқа ие.

Александр Ряписов, «Ascor» ЖШС өндірістік бірлестігінің аға шебері

Полиалюминий хлориді — суды тазарту процесінде қолданылатын реагент. Яғни, біз бұл реагентті лас суға қосамыз. Лас судың құрамындағы құм, балдырлар және түрлі қоспалар бірігіп, тұнба түзеді. Кейін біз флокулянт қосамыз, сонда бұл қоспалар бір-бірімен байланысып, түбіне шөгеді де, су мөлдір күйге енеді.

Уәсіпорнының өнімдеріне Павлодар облысымен қатар, Ақтөбе және Өскемен қалаларынан да сұраныстар түседі. Алдағы уақытта өндірісті кеңейту жоспарланған.

Наталья Филиппова, «Ascor» ЖШС өндіріс бойынша директоры

Бұл, әрине, үлкен артықшылық, себебі біз АЭА аумағында орналасқанбыз. Бұл бізге салықтық жеңілдіктер береді. Яғни, тауарлы өнім өндіруге мүмкіндік береді. Бәсекеге қабілеттілік артады, өнімнің өзіндік құны төмендейді. Бұл – шынында да үлкен артықшылықтар. Өздеріңіз білетіндей Қазақстан бойынша жұмысша мамандықтарға кадрлар жетіспейді. Қазіргі кезде бізге операторлар қажет.

Баспасөз туры одан әрі гипертығыздалған кірпіш шығаратын «KAZBM» зауытында жалғасты. Зауыт 2022 жылы құрылып, 2024 жылдан бастап алғашқы өнімін шығара бастады. Ай сайын 800 мың дана құрылыс материалы өндіріледі. Компания экологиялық қауіпсіз және берік өнімдерімен ерекшеленеді.

Сергей Андреев, «KAZBM» ЖШС өндіріс басшысы

Біздің компанияның мақсаты тек кірпіш шығару ғана емес. Біз жоғары сапалы, белгілі бір дизайндағы кірпіш өндіруді көздейміз. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы заманауи сәулетке сай келеді. Сондай-ақ, экспорт нарығына шығу да жоспарда бар.

Арнайы экономикалық аймақтың артықшылықтарының бірі — кәсіпкерлерге жер телімдерінің ұсынылуы және салықтық жеңілдіктердің қарастырылуы.

Жақан Рахишев, «Павлодар» арнайы экономикалық аймақтың бас инженері

Бүгінде «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында 20 кәсіпорын белсенді жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, 18 жоба іске асырылу сатысында. АЭА 2011 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылып, бүгінде 1100 гектар аумақты алып жатыр. Арнайы аймақ инвесторлар мен өндіріс иелеріне тиімді инфрақұрылым мен бәсекеге қабілетті орта ұсынады.

 «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы – инновация мен индустрия тоғысқан ірі орталық. Алдағы уақытта да бұл аймақ отандық өндірісті дамыту мен шетелдік инвестиция тартуда маңызды рөл атқармақ.

Дильназ Куанышбекқызы