Сондай-ақ, бүгін Қазақстан полициясы күні! Мәселен, жол қауіпсіздігін, тәртібін қадағалау – жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің иығындағы ауыр жүк. Оны арқалап жүрген жандардың бірі – Нұрасыл Аймекенов. Кәсіби мереке аясында арна тілшісі тәртіп сақшысымен сұхбаттасып қайтты.

Нұрасыл Аймекенов осы саланың бірден-бір майталманы. Таңмен таласа тұрып, көшеде қызметін бастап, күннің ыстығы мен жауынында, қар кешіп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азамат. Оның жұмысы – көлік жүргізушілерге ескерту айту ғана емес, қажет болғанда көмек көрсету, апаттың алдын алу.

Нұрасыл Аймекенов, Павлодар облысы патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы

Біздің өңірдің республикалық маңызы бар автожолдарында тәртіп пен қауіпсіздікті үздіксіз қадағалап отыру. Ең алдымен жол-көлік оқиғасының алдын алу. Жол қозғалысының қатысушылары мен жол ережелерінің өрескел бұзушылықтарының алдын алу болып табылады.

Кейіпкеріміздің бала күнгі арманы Павлодардағы кадет мектеп-интернатына алып келеді. Кейін сол мектеп қабырғасынан қатаң тәртіп, рух, зор жауапкершілік бойына дарыған.

Нұрасыл Аймекенов, Павлодар облысы патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы

Бұл саланы таңдаған себебім, балалық шағымда әскери қызметкерлердің және полиция қызметкерлерінің қызмет атқаруы өзімнен байқалған. Сол сәттен бастап өзіме деген бір мақсат қойдым. 13 жасымда осы Павлодар кадет-мектеп интернатына оқуға түсіп, бірінші формамды киген болатынмын. Содан кадет кодекс антын қабылдап, міне осы күні полиция қызметін атқарудамыз.

23 маусым Нұрасыл Аймекенов үшін ерекше күн. Бұл күні ол кәсіби мерекесімен қатар туған күнін де атап өтеді. Ол осы салада 10 жылдан бері қызмет етеді. Оның жұмысы тәжірибе мен жауапкершілікке толы. Сондықтан әрбір ескертуі – тәртіп үшін, әрбір әрекеті – қауіпсіздік үшін жасалады.

Нұрасыл Аймекенов, Павлодар облысы патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы

Полиция қызметкері біріншіден ол халық қорғаны. Полиция қызметкері болу үшін білім де, білікте қажет. Сабыр, төзім, қажыр-қайрат қажет. Сонымен қатар, шыдамдылық, шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап әрекет ету ең басты қасиеттердің бірі. Жас буынға берер кеңесім өз жұмысына адал, ұқыпты және тәртіпті болу. Тек ғана қызметте емес, өзінің жеке өмірінде де ар-ожданының алдында таза болу. Қандай да бір қиындықтар болсада шыдамдық танытып, шыдау.

Полиция болу – тек шен мен атақ емес, бұл – халық алдындағы сенімнің салмағы. Ал сол сенімді ақтап жүрген жандар – қоғамның нағыз қаһармандары.Кейіпкеріміз Нұрасыл Аймекеновте өз мамандығын жүрекпен таңдаған, адал еңбек пен абыройлы өмірді қатар ұстанып келе жатқан тәртіп сақшысы.

Қымбат Садық