Павлодарда «XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» атты форум өтті. Онда қаржы пирамидаларына байланысты қауіптер, алаяқтық схемалардың белгілері және халық арасында жауапты инвестиция мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Форумға мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және бақылау мекемелерінің өкілдері, мәслихат депутаттары, қаржы сарапшылары, кәсіпкерлер мен азаматтық қоғам мүшелері қатысты. Сондай-ақ, алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін адамдар да шақырылды. Жалпы шараға 600-ге жуық қатысушы жиналды.
Ерік Есенов, Павлодар облысы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы
Бүгінгі басты мақсатымыз — халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру. Алаяқтық пен қаржы пирамидаларына тарту әрекеттері туралы алдын ала ескерту өте маңызды. Мұндай пирамидалар жиі инвестициялық табыс әкелетін компаниялар ретінде көрінеді. Бұл триггерлерді қаншалықты терең түсінсек, экономика мен қаржы жүйесінің тұрақтылығы да соған байланысты.
Қаржылық қылмыстардың алдын алу, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, әсіресе интернет алаяқтығы әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Дәурен Жамбайбек, Павлодар облысы әкімінің орынбасары
Облыс аумағында соңғы 5 айда алаяқтық фактілері 14%-ға артты. Ал интернет арқылы жасалатын алаяқтық 46%-ға көбейді. Ең көп тараған әдістер – жалған сайттар, сілтемелер мен жалған аккаунттар арқылы алдау. Сондай-ақ өзін банк не полиция қызметкері етіп таныстыратын алаяқтар да бар. Біз осы форумда қаржы пирамидаларына, интернет алаяқтыққа, дропперлер әрекетіне қарсы күрес жолдарын талқылаймыз.
Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері қаржы пирамидасы белгілері жайлы нақты кеңестер берді. Алаяқтар көбіне биологиялық белсенді қоспаларды сату арқылы әрекет етеді.
Азат Шахманов, Павлодар қаласы экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі
Мұндай өнімдерді кез келген дәріханадан қолжетімді бағамен алуға болады. Бірақ оларды «мәңгілік өмір эликсирі» ретінде жарнамалайды. Өкінішке қарай, кей азаматтар бұған сеніп қалады.
Форум барысында дропперлер деген кімдер және олардың қауіптілігі сөз болды. Сарапшылар, дропперлер — өздерінің жеке мәліметтері мен банк деректерін алаяқтарға біліп немесе білмей беретін адамдар екенін түсіндірді.
Сабина Жолдаспаева