Биылғы жыл аймағымыздың басты арнасы – «Ertis» телеарнасы үшін ерекше. Телеарнаның 60 жылдық мерейтойы мен «JEBE» қоғамдық бірлестігінің 10 жылдығы қатар келіп отыр. Осы екі айтулы оқиғаны байланыстыра отырып, өңірде журналистер арасында волейболдан достық турнир ұйымдастырылды.Толығырақ алдағы сюжетте.
Журналистер күні қарсаңында өткізіліп отырған спорттық дода шығармашылық ортадағы ынтымақ пен серіктестіктің айғағы. Бұл жарысқа облыстық және республикалық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, кәсіби мерекені спорттық көңіл-күймен қарсы алды. Айта кетейік, спорттық сайыстың бас демеушісі – «Jebe» қоғамдық бірлестігі.
Данияр Жұмаділ, «Jebe» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Бұл енді Ертіс телеарнасымен бірігіп жасап жатқан алғашқы шарамыз. Десе де әріптестігіміз көптен бері жалғасып жатыр. Сіздер біздің тұрақты ақпараттық қолдаушыларымыссыздар. Осы Жебе қоғамдық бірлестігі ашылғалы бері бізбен бірге болып, жұмысымызды насихаттап келе жатқандарыңызға мың алғыс білдіреміз. Біз ақпарат құралдарының маңыздылығын қаншалықты деңгейде екендігін барлығымыз жақсы білеміз. Төртінші билік деп жатамыз. Сондықтан төртінші билекке өз деңгейінде құрмет-сый жасай білуіміз қажет қашанда. Сондықтан осындай шаралар маңызды деп есептеймін.
Турнирге жалпы төрт команда қатысты. Олар Ертіс телеарнасы, «Ertis Media» ұжымы, «Алтын сақа» инновациялық-шығармашылық орталығы және республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілерінен құралған команда. Әр топтың бұл додаға қатысуының өзіндік маңызы бар. Бірі саладағы аға буын болса, екіншілері болашақ журналистердің алғашқы қадамдарын көрсетіп отыр.
Саян Мұқанов, «Алтық сақа» инновациялық-шығармашылық орталығының басшысы
Бізде көпшілік білетіндей тілші журналистика үйірмесі бар, одан бөлек спорт үйірмелері де бар. Балалар қосылып, бір команда шығардық. Бізде тілшілердің ізбасарлары болғандықтан біздің балалар осы жарысқа қатысты. Жалпы осы күнге рұқсат еткеннен кейін, қатысып бізде жақсы көңіл-күй алып жатырмыз.
Аймағымыздағы тәжірибелі журналистер тек қалам ұстап қана қоймай, спорттық шеберліктерімен де көзге түсті. Бұл жарыс олар үшін салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында да маңызды болды.
Болат Аманбаев, облыстық журналистер одағының төрағасы
Журналистер негізі бейбіт өмірде де, майдан да алдыңғы шепте жүреді. Сондықтан біз спортта болсын, өзмізді көрсетіп, өзіміздің осыған бейім екендігімізді көрсетіп жатырмыз. Өйткені бұқаралық спортты дамыту бұл елдің басты идеологияларындағы басты бағыт деп айтар едім. Сондықтан журналистер әрқашан да қызметте де, тұрмыста да осындай спорттық формада болу керек.
Асыл Әбішев, «Aiqara.kz» ақпараттық порталының бас редакторы
Бәсекеге толы тартысты ойындар ұйымдастырылды. Біз Ертіс медиа 2 орынға табан тіредік. Болашақта бұдан да жоғары деңгей көрсетеміз деген ойдамыз. Ертіс телеарнасының 60 жылдығмыен құттықтаймын. Келе жатқан мерекемен барлық Павлодар өңірінің журналистка саласында қызмет атқарып, ақпарат майданында тер төгіп жүрген әріптестерімді құттықтаймын.
Турнир қорытындысы бойынша 1-орынды «Алтын сақа» инновациялық-шығармашылық орталығы иеленсе, 2-орынға «Ertis Media» құрамасы көтерілді. Ал, 3-орын Ертіс телеарнасына бұйырды. Республикалық ақпарат құралдарының меншікті тілшілеріне жұбаныш жүлдесі табысталды. Бұл дода жеңіс үшін емес, рух пен серіктестікті, достықты көрсеткен дода ретінде есте қалды.
Сабина Жолдаспаева