Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жыл басынан бері 120-дан астам жоспардан тыс тексеру жүргізген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Тексерулердің көбею сыры неде? Тұтынушылар құқығы қаншалықты қорғалып жатыр? Тиісті мекеме өкілі баяндады.

Биылғы жылдың сегіз айында ғана 136 тексеру жүргізілген. Оның 11-і профилактикалық бақылау ретінде. Қалғандары жоспардан тыс. «Тосын» тексерулердің жартысынан көбі сауда саласында жүргізілген. Кәсіпкерлер көбінесе әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға белгілеу кезінде заңды белден басатын көрінеді.

Ал, былтыр сегіз айда 600 ден астам өтініш келіп түскен екен. Екі есеге жуық көп. Яғни, тексерулердің негізгі себебі тұтынушылардан келіп түскен өтініштерге байланысы болып отыр.

Аталған салалар бойынша түскен өтініш барлық келіп түскен өтініштің 80 пайызын құрайды екен. Департамент тиісті шаралар жүргізіп, 48 млн теңгеден астам қаражатты қайтарыпты. Тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасындағы кейбір жағдайлар тіпті сотқа дейін жеткен.

Көп жағдайда құқық бұзушылар жаза ретінде ескерту алады. Кәсіпкер ескертуді елемей, айыппұлға дейін баратын жағдайлар бар. Ал, айыппұл мөлшері 10-нан 300 АЕК-ке дейін. Ведомство басшысы сонымен қатар шілде айында кейбір ішкі сауда ережелері өзгергенін де айтты. Мәселен, сыйлық сертификаттарын үш жыл бойы пайдалануға болады, сонымен қатар жұмсалмаған соманы қолма-қол ақшамен алуға да болады. Өкінішке орай, сертификатты толығымен қолма-қол ақшаға шығару әлі де мүмкін болмай отыр.

Жанасыл Серікбол