Өңір басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақтоғай ауданына барды. Онда салынып жатқан құрылыс нысандарының жұмысымен танысып, егін алқаптарын аралады. Толығырақ келесі сюжетте.
Алдымен облыс әкіміне Қараоба ауылында салынып жатқан дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылыс барысы көрсетілді. Мындағы жұмыстарға аймақ басшысының көңілі толмады, сапасыз материалдар кесірінен ғимаратта қыста суық, жазда ыстық болады деді.
Спорт кешенінің құрылысы сонау жобалау кезеңінен дұрыс жасалмаған деді, облыс әкімі. Балалар спортпен айналысатын ғимаратты ең төмен сападағы жасанды қаптамамен қаптау дұрыс еместігін айтты.
АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қаптама 100 мм-лік болу керек. Мынадай жасанды арзан дүниемен қаптамамау керек. Базальтты плитамен қаптаған дұрыс. Оның айырмашылығы жер мен көктей. Бұл жасанды материал, өзімізді өзіміз алдап отырмыз. Бұл жобалаушының қателігі, әлбетте тек әкімдік кінәлі емес. Сіздер жобаны дұрыс қабылдамадыңыздар. Ашып, оны қарап, дұрыс емес жерлерін алып тастау керек еді.
Келесі кезекте облыс әкімі егін алқаптарын аралады. Жалпы Ақтоғай ауданында алқапты 73 мың гектар жер болса, 52 мың гектарына астық дақылдары салынды. Оның 36 мың гектары, яғни 70 пайыз өнімі бүгінгі таңда жиналды.
ҚАРШЫҒА АРЫНОВ, АҚТОҒАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Астық дақылдары бойынша 41 мың гектар бізде бидай, 7 мың гектары арпа, 2 мың гектары тары. Астық дақылдары бойынша гектарынан 10 центнер өнім алынады. Картоп бойынша 4 ұйым айналысады. Гектарынан 250-300 центнер жиналады. Сәбіз 500 гектарға салынды. Онымен бір ғана «Ақтоғай Агро» ғана айналысады. Оның 70 пайызы жиналды. Майлы дақылдар бойынша жұмыстар жүріп жатыр, қазан мен қарашада жиналады.
Әкімнің сөзінше, ең бастысы – қарапайым жұмысшыларға лайықты жалақы төлеуі керек. Осы сияқты маңызды мәселе талқыланды.
АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Ауылды жерде жұмысты кім береді? Бірінші бюджеттік жұмыс орындары, екінші сіздер сияқты агрономдар, жермен жұмыс істейтін адамдар береді.
Одан кейін облыс әкімі Жоламан ауылында бой көтеріп жатқан су құбырының құрылыс барысымен танысты.
АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Ал неге сіздер шешім қабылдадыңыздар. Кішкентай ауыл су алмаса қатады. Мынаны хотя бы, жердің астында істеу керек еді. Білмеймін мен қалай істейтіндеріңді.
Осы ретте су құбырымен айналысқан компанияға тұрғындар тарапанын наразылық түсіп жатқанын айтты облыс әкімі. Жер жұмыстары жүргізілген көшелерді тегістеуді тапсырды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы ауданның тағы да бірқатар шаруа қожалықтарына барды. Мәселен, «Надежда» ШҚ 13 мың га алқаптан астық жинауда. Ал «Agro Terra» ЖШС қарқынды түрде өнімді картоп қоймаларын толтырып, жұмысқа 200-ден астам адам қабылдаған. Облыс әкімінің барған кезекті нүктесі Жалаулы ауылы болды. Онда Биыл орын алған су тасқынын болашақта болдырмау мақсатында үш қазаншұңқыр қазылды. Енді көлемі 60 мың текше метрлік үш шұңқыр 200 мың текше метр еріген қар суды жинай алады. Екі траншея қазылды.
Сондай-ақ, өңір басшысы Жалаулы ауылында жақында қолданысқа берілген үйлерді аралап, тұрғындармен тілдесті.
Самал Қалиқызы