Өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин өңір шаруаларымен кездесті. Елордалық мейман «Agro-Trade PV» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сыйымдылығы 10 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы мен 1,2 мың мал басына арналған тауарлы-сүт фермасын аралады. Толығырақ тілші әңгімесінде.

Мемлекет қолдауымен салынған кешен жылына 4 млн литр сүт өндіреді. Бұдан бөлек сыйымдылығы 10 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы бар. Биыл егістік көлемі 1,6 млн гектар алқапқа ұлғайған. Кәсіпорын мал азығы және картоп өсірумен де айналысады. Вице-премьер фермерлерге астықтың 4-5-ші сыныптағы сұрыпқа сұраныс бар екенін айтты.

Серік Жұманғарин, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

Форвардтық сатып алу бағасы белгілі. 21-22% ақуызы бар 4-ші сынып үшін тоннасына шамамен 75 мың теңге болмақ. Қазір бұл мәселе қарастырылуда.

Сондай-ақ Премьер-министр орынбасары биыл Қытайға 3 млн тонна астық экспортталатынын айтты. Бұдан бөлек келер жылы мемлекеттік мал шаруашылығын дамытуға арналған «Кеңдала» бағдарламасы бойынша қаржыландыру 140 млрд теңгеге артқанын жеткізді. Сапар барысында елордалық мейман «Сүт» АҚ сүт өңдеу зауытына және кеспе өндіретін «КЭММИ GROUP» серіктестеріне ат басын бұрып, қызметімен танысты.

Әйгерім Тоқпанқызы