«Күшіміз бірлікте» атауымен «Отбасы-тәрбие іргетасы атты» фестивальдің қорытынды кеші өтті. Шара жыл бойы қала мектептерінің арасында өтті. Үздік деп танылған 8 білім ордасы финалда ұлттық құндылықтарды дәріптеді. Толығырақ тілші бейнематериалында.

Салт-дәстүр атадан қалған мұра. Шара мақсаты – өскелең ұрпақты ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлермен таныстыру. Тәрбиелік маңызын түсіндіру. Фестиваль қазақ халқының салт-дәстүрлерін насихаттай отырып, жастардың бойында асыл қасиеттерді қалыптастырға үлес қосты.

Бақытжамал Максилова, «Нұр-Ана әлемі» ҚБ төрағасы:

Біздің мақсатымыз мемлекеттік тілді білу. Себебі бұлардың арасында этномәдени орталықтар және өзіміздің барлық әртүрлі ұлттар мемлекеттік тілде салт-дәстүрлерді салыстырмалы түрде финалда көрсетеді.

 Шараға Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің жас мамандары қатысты. Олар түрік пен қазақ халқының ұқсастығы бар дәстүрлерінен көрініс қойды.

Ернар Балтабай, Бауыржан Момышұлы атындағы ЖОББМ аға тәлімгері:

Жалпы бізде қызды ұзатар кезде сыңсу болса, ал түрік елінде қызға қына жағу кеші бар екен. Соның барлығын ақтарып осы дәстүрді көрсетеміз деп бел будық.

№41 мектеп қатысушылары финалға өткен үздіктер қатарынан көрінді. Олар бұған дейін өңірдегі 20-дан астам ұршықты жинап, 200 жылдық тарихы бар ұршықты көрініске алып шыққан. Ал фестивальде олар әзірбайжан ұлтын таңдады.

Мақсат Қалелханов, Павлодар қаласы №41 мектептің мұғалімі:

Әзірбайжан этномәдени бірлестігін таңдай отырып, сол елдің Қазақстанмен ынытымақтастығын, салт-дәстүрін көрсетеміз, өте жақсы дайындығымыз бар.

 Барлық мектептер тыңғылықты дайындықпен келген. Салт-дәстүрге кеңінен тоқталып, өз өнерлерін ортаға салды. Ақ дастархан ұлттық тағамдарға толы болса, оюлы құрақ-көрпелер, әртүрлі ұлт өкілдерінің киімдері де көздің жауын алды.

Азамат Еркін, Павлодар қаласы №40 мектептің 7-сынып оқушысы:

Біз грузин мен қазақтың ортақ тарихтарын көрсетеміз. Иә ұқсастықтары бар, олар бір-біріне сыйлық сыйлайды.

Фестиваль соңында қатысушылар марапатқа ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Қымбат Садық