Жас мүсінші жерлесіміз Данияр Сарбасовтың «Атамекен» көрмесі өтті. Онда қола, алюминийдан жасалған белгілі тұлғалар мен жылқы жануарының мүсіндері қойылды. Жалпы өнер иесінің шығармашылық бет алысы қалай, жұмыстары қай бағытта жасалады? Тілшіміз айтсын.

Данияр Сарбасов Баянауыл ауданының тумасы. «Шабыт» жастар шығармашылық халықаралық фестивалінің лауреаты. 2022 жылдан бері ҚР Суретшілер Одағына мүше. Жас мүсінші Павлодар қаласында өзінің «Атамекен» жеке шығармашылық көрмесін көпшілік назарына ұсынды.

Айгүл Мәлікова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:

Данияр Саратұлы туған өлкеге, ұлттық салт-дәстүрге, тұңғиық тарихымызға деген ізденіс пен құштарлықты айқын көрсетеді. Өнеріміздің шындала беретініне сенімдімін.

Данияр Сарбасовтың жылқылар мен жануарлар әлеміне деген қызығушылығы соншалық, осы тақырыпта көптеген композициялар жасап, өзін анималист-мүсіншісі ретінде танытып жүр.Сонымен қатар ол скиф-сақ мәдениетін терең зерттеуінің нәтижесінде бірқатар туындыларды өмірге әкелді. Одан бөлек, өңірімізге танымал тұлғалардың мүсіні де көрмеде орын тепті.

Данияр Сарбасов, мүсінші:

Мақсаты биыл біздің ұлы тұлғалардың мерейтойы болып жатыр. Жүсіп Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Сәтпаев солардың мерейтойына орай сол кісілердің әруағына бағышталған көрмем деп есептеймін.

Көрмеге қола мен алюминий, сүйек сынды заттардан жасалған түрлі өнер туындылары қойылды. Өнер сүйер қауым көрмеден керемет әсер алды.

Ерсін Тақырбасов, фотосуретші:

Маған Құлагерге арналған жұмыстары өте ұнады. Жылқының денесін жақсы келтіреді екен. Біздің мұражайдың істеген жұмыстарының ең бастысы осы. Басқа елдімекендердің суретшілердің суреттерімен, шығармашылығымен таныстыру. Жастар осы жұмыстарыды білу керек. Танысу керек.

Айсана Қайраш, студент:

Біздің студенттер таң қалып, жақсы әсер алып жатырмын. Өте қатты ұнайды. Алдағы уақытта келіп тұруға қарсы емеспіз.

Көрменің атауы суретші үшін шығармашылық еркіндіктің, ой еркіндігінің маңыздылығын, елге деген сүйіспеншілігін көрсететін терең мазмұнға ие.

Самал Қалиқызы