Ақсуда Республика күні кең тойланды. Ұлттық мереке қарсаңында қаланың дамуы мен көркеюіне еңбек еткен бірқатар азамат марапатталды. Толығырақ алдағы сюжеттен көрейік.

Республика күні қарсаңында алдымен даңқ тақтасы жаңартылды. Ел болуға еңбегі сіңген азаматтардың есімі алдағы бір жыл бойы ақсулықтардың назарында болмақ. Жансұлу Айтыкенова Ақсу пошта байланыс торабы жеткізу қызметінің басшысы қызметін атқарады. 25 жылғы еңбегі еленіп, есімі шаһар төріндегі даңқ тақтасынан орын тапты.

Жансұлу Айтыкенова, «Қазпошта» АҚ Ақсу пошта байланыс торабы жеткізу қызметінің бастығы:

Бірінші еңбек жолым кітапханадан басталды. Одан кейін осы Қазпоштада 2001 жылдан бастап қызмет істеймін. Көптен-көп рахмет, осы мерекеміз құтты болсын.

Еңбек тақтасында ауыл-аудандарда ерен еңбегімен ерекшеленген 20 адам енді. Бұдан кейін салтанатты шара мәдениет үйінде жалғасын тапты. Қала әкімінің орынбасары жерлестерін құттықтап, түрлі марапаттар табыстады.

Марат Зенов, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресупблика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болу керек екенін айтты. Ақсу өңірінің өзінде бір-біріне бауыр басқан 50-ден астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Бүгінгі күні қаланың еңбекқор тұрғындары қоғам біліктілігінің және тұрақтылығының негізі болып табылады.

Мәртебелі мереке қарсаңында еңбегі еленген жанның бәрі Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет үйінің басшысы – Жамиля Есенбаева. Ол «Мәдениет саласының үздігі» атанды.

Жамиля Есенбаева, Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет үйінің басшысы:

Өзім қызметімді жақсы көремін. Сондықтан өте қуаныштмын осындай төсбелгіге ие болғаныма.

Республика күні – әр қазақстандық үшін орны айрықша мереке. Осы орайда «Дарын» домбырашылар ансамблі бір мезетте «Ер Тұран» күйін нақышына келтіре орындады. Оған 50 бала қатысты.

Сондай-ақ, өңір тұрғындары да мерекені ерекше ықыласпен қарсы алып жатыр.

 Рымкеш Сламбекова, Ақсу қаласының құрметті азаматы:

Республика күні еліміздің ең құдыреті күшті мереке деп айтуға болады. Бұл мереке халықтың бейбіт өмірінің куәсі. Сондықтан қашан да болмасын зор қуанышпен, мақтанышпен атап өтуге міндеттіміз.

Ұлттық мерекеге арналған шара өнерпаздардың концертіне ұласты.

Қымбат Садық