Достық үйінде «Ана алақаны» атты форумы өтті. Оған облыстың қала мен аудандарынан 150 нәзік жанды тәжірибе алмасу мақсатында жиналды. Сондай-ақ, Астана мен Алматыдан іскер әйелдер де арнайы қатысты. Форум туралы толығырақ тілші бейнематериалында.
Қазір әйелдердің кәсіпкерлікке араласуы қарқынды дамып келеді. Форум аясында ұйымдастырылған көрме бұған дәлел. Ұсынылған өнімдердің бағыты да сан қырлы. Яғни, кәсібінен, нәсіп көріп жүр. Әсіресе ұлттық нақышта жасалынған тәттілер көздің жауын алды. Экологиялық таза, табиғи өнімді өндіруге ат салысып жүрген кәсіп иесі өз жұмысының маңыздылығы жайында ақпар берді.
Марина Рейдина, іскер әйелдер кеңесінің мүшесі:
Алғаш рет кәсібім классикалық ақ құртты жасаудан басталды. Шағын ғана жалға алынған бөлмеде өз қолыммен құрт істедім. Басында менде ештеңе болмады, үш жылдан кейін кәсібім алға басты. Қазір 200-дей түрлі өнім жасаймыз.
Әйел адам бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Елімізде бойына нәзіктік пен қамқорлық, мейірім мен батылдықты үйлестіре білген қанша қыздар қауымы бизнес ашып, нәпақа тауып отыр.
Әйгерім Қабылтаева, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев гендерлік теңдікті сақтау, отбасылық құндылықтарды нығайтуға әрдайым мән береді. Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген асыл сөз бар. Сондықтан бүгінгі іс-шараның маңызы да ерекше. Бүгінде нәзік жандылар еліміздің түрлі салаларында аянбай еңбек етуде. Ендеше сіздердің қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын.
Мұндай бас қосу жергілікті кәсіпкерлер үшін өте маңызды. Кәсіби біліктілікті арттыруға мол септігін беріп қана қоймай, жаңа идеялардың бастауына жол ашады.
Ләззат Рамазанова, «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы:
Шағын ғана үстелден бастадық, екінші рет еңсеміз шамалы кеңейді, столдың көлемі де өзгерді дәл осы залда. Ал бүгін Павлодар өңірінде үлкен форум өтіп отыр. Бұл ең бірінші облыс іскер әйелдерінің үлесі, сіздердің нәтижелеріңіз де санасақ болады.
«Ана алақаны» әйелдер форумына 150 кәсіпкер қатысты. Форумның басты мақсаты –әйелдердің қол жеткізген жетістіктерін көрсетіп, бөлісу. Мұндай форумдар арқылы олар ашқан бизнес жобалар көпшілік тарапынан қолдау тауып, аудиториясын кеңейте түсуге көмек береді.
Жұлдыз Малдыбаева, «Кенжекөл жастары» жастар ҚБ үйлестірушісі:
Заманауи Қазақстанда әйелдеріміздің жетістіктері көп. Бірақ та кейбір кезде оны байқаймыз, байқамаймыз. Осындай алаңдардың ортасында әйелдер бір-бірімен сұхбаттасып, тәжірибе алмасып, көрген-білгендерін бір-бірімен бөлісе алатын жақсы алаң болып тұр. Бизнеспен айналысатын, оның ішінде киіз басумен шұғылданатын әйелдер келіп отыр. Кенжекөл ауылында жиһаз шығаратын цехымыз бар, магазиндер де бар. Және мал шаруашылығымен, қымызпен айналысатын жас әйелдеріміз бар.
Форумда жетістікке жетудің құпиясы мен бизнесті басқарудың тәсілдері талқыланды. Қазір облыста әйелдер құрған және басқаратын кәсіпорындар саны жылдан жылға артып келеді. Басқосуда табысты еңбек етіп, кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жандылар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Қымбат Садық