Павлодар облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өңір бойынша жіті респираторлық вирустық инфекциялар, пневмония, ковид жұқтырғандар ғана тіркелді. Тұмау жағдайы облыста анықталмады.
2024-2025 жылдың эпидмаусымның басынан бері облыста жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 26898 жағдайы тіркелген. 14 жасқа дейінгі балалар арасында ЖРВИ жағдайының саны – 17037 болса, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар арасында - 735 жағдай, жүкті әйелдер арасында 52 жағдай анықталды.
ЗӘМЗӘГҮЛ ДОЩАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жіті респираторлық вирустық инфекциялық аурулармен 250 адам стационарға жатқызылды, оның ішінде 4 жүкті әйел, 1 жасқа дейін 87 бала ем қабылдады. Пневмониямен 172 адам болса, олардың арасында 106 жағдай 14 жасқа толмаған балалар арасында болды. Зертханада ПЦР зерттеу жүргізілді, 262 жағдайда тұмау фактісі анықталмады. Басқа тұмау емес вирустардан парагрипп, риновирустар, бокавирустар, аденовирустар тіркелді.
Қыркүйектің 20-сынан бастап облыста тұмауға қарсы екпе салу басталды. Бір ай ішінде өңірімізде 66972 адам вакцина алды. Профилактикалық екпелерден бас тартып отырғандар да бар, аймағымызда ондай 1097 жағдай тіркелді.
ЗӘМЗӘГҮЛ ДОЩАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біздің облыста COVID-19-дің зертханалық расталған 18 жағдайы анықталды, ағымдағы жылдың басынан бері COVID-19 -дың 81 жағдай тіркелді. Қазіргі уақытта Ковид бойынша вакцинациялау жүргізілмейді. Мүмкін алдағы уақытта екпе жеткізіледі, былтыр келіссөздер жүргізілген. Қазір еліміз бойынша да вакцина жоқ. Себебі, Ковид қазір маусымдық сипатқа енді.
Жалпы біздің облыста эпидмаусым әзірге тұрақты. Қараша айының басында өсім байқалады деп күтілуде. Қараша, желтоқсан, қаңтар айларында жіті респираторлық инфекцияға тұмау қосылады. Одан кейін көрсеткіш төмендейді, деп отыр мамандар. Айта кетейік, өткен жылы өңірде тұмаудың 63 жағдайы тіркелген.
Самал Қалиқызы