Қабанбай батыр атындағы облыстық мамандандырылған әскери мектеп-интернатының шәкірттері ерлік танытып, ел алғысына бөленген полиция қызметкерлерімен кезедесті. Шара аясында қаһармандар жас сарбаз мектебінің тәлім алушыларына ерліктің маңызы жайлы баяндады.

Кездесуге келгендердің бірі Елдос Қойкен Ертіс өзеніне батып бара жатқан әйелді құтқарып қалған. Оқиға Аққулы ауданында биыл болған. Аққулы ауданының полиция бөлімінің аға инспекторы ол ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы атынан «Ерлігі үшін» медалімен марапаттал еді.

Ақтоғай аудандық полиция бөлімінің аға іс кесушісі Ердәулет Макимов та жиналғандарға жаз уақытында екі баланы өзеннен құтқарып қалған оқиғасын баяндап берді. Тағылымды оқиғаны тыңдаған шәкірттер бойларына қуат алып, ерлік иелеріне ұқсағысы келгендіктерін айтады.

Шара аясында ерлік иелеріне құрмет көрсетіліп, естелік сый тарту етілді.

Жанасыл Серікбол