Республикалық бюджет бейберекет жұмсалып жатыр. Алдын ала жасалатын жоспар орындалмайды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметті осылай сынады. Ұлттық қорға тәуелділіктен де арыла алмай отырмыз. Министрдің әдемі сандармен безендірілген есебі шын мәнінде орындалып жатқан жоқ. Сондықтан, есеп үшін емес, нәтиже үшін жұмыс істеуіміз керек деді ол.

Биыл Республикалық бюджетке 14,1 трлн теңге кіріс түскен. Бұл бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге аз. Ал әлеуметтік және міндетті төлемдер, кейінге шегерілмейтін жобалар қаржыландырусыз қалмайтыны анық. Амалсыз ұлттық қорға қол сұғылып, 5,6 трлн теңгесі жұмсалып кеткен. Сондықтан үкімет тура осы Парламентке келіп бекіткен жоспарды қайта-қайта өз ыңғайларына қалай икемдеп отырған.

   ЕРЛАН САЙЫРОВ - ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

 - Биылғы жылы үкімет парламенттің қатысуынсыз бюджетке 9 түзету енгізді. Енді Парламенттің қатысуынсыз бюджетке өзгеріс енгізу деген Президент Тоқаевтың қоғамдық бақылау концепциясына сәйкес келмейді. Депутат жоқ. Өздеріңіз қожа, өздеріңіз би.

НҰРЛАН БАЙБАЗАРОВ - ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ

 - Биыл енді 9 емес 10 рет түзетілді бюджет. Осы жақында біз тағы да түзету енгіздік. Соның есебінен біз 375 млрд теңгеден астам қаржыны қайтадан құрылымын өзгертіп ең біріншіден біз жаңағы экономиканың өсіміне байланысты бағыттарға мұны жібердік.

Ал, мәжіліс төрағасы ең негізгі құжаттардың бірі қаржы мәселесіне келгенде бұндай салғырттың мүлде болмауы керектігін қатаң ескертті.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ - ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

 - Сіз 10 рет өзгерту жасадық деп бюджетке бір ерлік жасағандай айтып отырсыз. Шынында депутаттың айтқаны дұрыс. Ай сайын бюджетке бір өзгеріс енгізіліп отырған. Яғни бюджеттік тәртіп ақсап жатыр деген сөз.

Қажетімізге қаржымыз қат болған соң қарыз алатынымыз тағы бар. Бұл үрдіске де депутаттар алаңдаушылық танытты.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК - ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

 - Сыртқы қарызымыз көбейіп бара жатыр. Оған шыны керек жыртығымызды жамаймыз деп қарызды ала береміз, ала береміз ала береміз. Ертең бұл ақшаны кім қайтарады? Қалай қайтарамыз?

Әр мемлекетте жоспардан тыс, шұғыл қажеттілікке жұмсалатын резерв міндетті түрде болады. Биыл бұл ұлғайғанымен әдеттегідей жетпей қалған.

МАКСИМ РОЖИН - ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

Үкімет резервінің биыл 70 пайыздан аса өскенін көріп отырмыз. Егер былтыр бюджетті қалыптастыру кезінде Парламент 331 млрд теңгені бекітсе енді түзетулерден кейін үкімет Резерві 567 млрд теңгеден асып тіпті осы күнде оның игеріліп қойғанын көріп отырмыз.

МӘДИ ТӘКИЕВ - ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ

Шұғыл шығындар болып тұрады. Соған біз үкімет резервін жұмсаймыз. Бұйырса келер жылы есепке келген кезде үкімет резервін біз тиынға дейін бәрін көрсетіп береміз.

Ұлттық экономика министрі сыртқы қарызға да қорға да тәуелділіктен құтылатын жоспарымыз бар деп сендірді. Қазір 17 ірі жоба қолға алынған. Олар инвесторлардың есебінен қаржыландырылып, экономикаға серпін береді деді ол.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ - ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

 - Биылғы экономикадағы жағдайдың күрделі екенін бәріміз білеміз. +++ Шынын айту керек жылдан жылға қайталана беретін проблемалар көп. Бюджетті қалыптастыру кезінде. Әсіресе кіріс бөлігі бойынша үнемі дұрыс болждам жасалмайды.

Сонымен, 107 депутаттың сынына ұшыраса да бюджет жобасы бүгін қабылданды. Ал үкіметке айтылған сын жұмыс барысында ескерілсін деген ескерту жасалды.