Өңірімізде жүннен түрлі бұйымдар жасайтын қолөнершілер саусақпен санарлық. Солардың бірі Бақытжан Ізбастинова. Тереңкөл ауданының тұрғыны ата-бабадан келе жатқан өнерді дәріптеп жүр. Экранға зер салайық.

Кейіпкеріміз – қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Ұстаздық жұмыспен бірге қолөнерден қол үзбеген Бақытжан Ізбастинова жүннен әртүрлі бұйымдарды жасайды. Олардың қатарында ұлттық киімдер, бас киім, аяқ киім де бар. Қолөнермен айналысу үшін адамға темірдей төзім, таудай талап керек дейді.

БАҚЫТЖАН ІЗБАСТИНОВА, ҚОЛӨНЕРШІ

Жүнмен жұмыс істеу ол қазақтың қанында бар. Ата-бабамыз, әжелеріміз осы қолөнермен айналысқан. Сол мені қатты қызықтыратын, осы қолөнермен айналысқаныма 4-5 жылдай болып қалды. Және де қойдың жүні қолжетімді. Жұмыс істеуге сатып алып жатпайсыз, далаға лақтырып тастайтын жүннен әртүрлі заттар жасап шығуға болады

Он саусағынан өнер тамған қолөнерші әзір тапсырыспен жұмыс істемейді, тек бұны өзінің қызығушылығы деп біледі. Ал көз тартар жұмыстарын көрмелерден тамашалауға болады. Әрине, мұның бәрі қол еңбегі, адам күш-қуатын сарп етеді. Шеберіміз жұмысына қажетті заттардың тек сапалысын таңдайды.

БАҚЫТЖАН ІЗБАСТИНОВА, ҚОЛӨНЕРШІ

Материалды көбінесе Павлодар қаласынан сатып лаамын. Ол көбінесе қазақтың меринос қойының жүнінен жұмыс істеймін. Және неміс, италияндық брендтер де бар , олар қымбаттау. Сондықтан мен қазақтың меринос жүнімен жұмыс істеймін

Кейіпкеріміз өзі сүйген іспен қапысыз, қалтқысыз еңбек етіп келеді. Мұндай ұлттық өнерді дәріптеп келе жатқан жандар қазақ жерінің он саусағынан өнер тамған шеберлерге кенде емес екендігін көрсетеді.

Қымбат Садық