Павлодар қаласының кітапхана, музей қызметкерлері махаббат жайлы өлең оқыды. Өлең оқып қана қоймады, олардың дауыстары дыбыстық жазбаға жазылды. Ақындар махаббат жайлы. Дәл осындай атаумен Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы кітапханада шығармашылық жинақтың Брайль қарпіндегі және дыбыстық жазба нұсқасының тұсаукесері өтті.
Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған Облыстық арнайы кітапханасының бастамасымен керемет шара ұйымдастырылды. Онда зағип жандарға махаббат жайлы өлеңдер қолжетімді болуы үшін, ол өлеңдер дыбыстық жазбаға жазылып, Брайль қарпіне түсірілді. Ал, ақындардың туындыларын музей мен кітапхана мамандары оқыды.
Шолпан Шахметова, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың басшысы
Өзіме енді ерекше күн болып отыр. Арнайы кітапхананың жобасы. Махаббат туралы өлеңдер оқылады. Өзім өлең оқыған емеспін, алғашқы рет оқып отырмын. Өзім ойлаймын. Оқырмандардың назарын аударып отырмыз.
Махаббат жайлы өлеңдер кітап пен дискіге ғана түсірілмей, оларды КЮ-ар код арқылы тыңдауға да мүмкіндік болды. Осыдан-ақ, арнайы кітапхананың көштен қалмай, цифрланып келе жатқанын байқауға болады.
Шығармашылық жинаққа Мұқағали Мақатаев, Эдуард Асадовтармен қатар павлодарлық зағип ақындардың да өлеңдері кірді. Шара барысында үздік оқырмандар алғыс хаттармен марапатталды. Жалпы облыстық арнайы кітапханаға жылына 2 мың оқырман келеді екен.
Самал Қалиқызы