Павлодар мен Екібастұз қалаларында жедел жәрдемнің жүктемесін азайту үшін емханалар жанынан қосымша мобильдік топтар шығарылып жатыр. Себебі, вирустық инфекция биыл жылдағыдан екі апта ерте тарап, сырқаттар саны күрт өсті.
Дерекке қарағанда қалыпты жағдайда тәулігіне 70–80 шақырту тіркелсе, қазір бұл көрсеткіш 400-ден асып кеткен. Ауырып жатқандардың 70 пайызға жуығы балалар. Негізінен бір жастан бес жасқа дейінгі сәбилер жиі ауырады. Жедел жәрдемге әсіресе кешкі уақытта тыным жоқ. Сондықтан бұл мезгілде күшейтілген және арнайы бригадалар кезекшілікке шығады.
Ирина Мищенко, Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары
Менің ойымша, бұны вирустық инфекцияның шарықтау шегі деп айтуға әлі ерте. Өйткені күн сайын науқастар саны өсіп жатыр. Шамамен екі аптадан кейін ғана әбден күшейіп барып төмендей бастауы мүмкін. Әдетте тұмаудың беті аяз түскен кезде бәсеңдейді ғой. Ал, қазір жылымық. Күн райы құбылып тұр. Сондықтан аурудың өрши түсуі әбден ықтимал.