Павлодарлық оқушы көзі нашар көретін жандар үшін арнайы көзілдірік ойлап тапты. Бұл өнертабыс республика бойынша үздік 10 жобаға іліккен. Әріптесіміз Байтұрсын Жұмабай өнертапқышпен тілдесіп қайтты.
Байтұрсын Жұмабай, тілші
- Әлемде талай жаңалықты жас өнертапқыштар ойлап тапқан. Мысалы, француз азаматы Луи Брайль 15 жасында көзі көрмейтін жандарға арналған рельефті-нүкте жазуын ойлап тапса, 16 жастағы Джордж Ниссен алғашқы батутты құрастырған. Ал канадалық Жозеф-Арман Бомбардье небәрі 15 жасында қалың қарда жүретін көлік жасаған. Бүгінде сол қатарды павлодарлық оқушы толықтырды — ол көру қабілеті нашар адамдарға арналған ақылды көзілдірік жасап шықты.
Жасанды интеллект негізінде жасалған құрылғы қолданушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Әдетте, зағип жандар жолдағы кедергілерді таяқтың көмегімен сезеді. Ал жаңа инновациялық көзілдірік бұл міндетті жеңілдетіп, ерекше қызмет атқарады.
Жетекшісінің айтуынша, ғылыми бағыт таңдау оңай болмаған. Идея оқушының өзінен туындап, ол біраз зерттеу жүргізіп, ойындағы кескінді шынайы түрде жүзеге асырған.
Жанкелді Дәрменовтың еңбегі республика деңгейінде үздік жұмыстардың қатарына енген. Қазір оның басты мақсаты — өнертабысын жетілдіріп, оны ірі стартап сайыстарына ұсыну.
Айта кетейік, «ақылды көзілдірік» авторы бұған дейін де бірнеше тың бастаманы жүзеге асырған. Ол жойылып кету қаупі бар балық түрлерін өсіретін ферманың макетін жасап, зерттеу жүргізген. Сонымен қатар, ғарыштан ақпарат алу жүйесіне қатысты бағытта жұмыс істеп келеді.
Байтұрсын Жұмабай