Ертіс-Баян өңіріне танымал Баянауылдық айтыскер ақын, жыршы-термеші, ҚР журналистер одағының мүшесі Таңат Қуанұлы Ахатовтың 50 жас мерейтойына арналған «Өмірімді өлеңмен өрнектедім» атты шығармашылық кеш өтті. Шараға өңірдің өнер сүйер қауымы, ақынның достары, әріптестері, шәкірттері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Баянауыл топырағында дүниеге келген Таңат Ахатов аймақтық мәдениет пен өнердің дамуына зор үлес қосып келеді. Жерлесіміздің ақындық жолы жас кезінен басталған. Ол алғаш мектеп қабырғасында өлеңдер жазып, кейін айтыс өнеріне ден қойды.

ЕРТАЙ ЖҮСІП, «МӘШҺҮРТАНУ» ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

Бүгін Кереку қаласында Баянауыл ауданының тумасы, ақын, жыршы, ұстаз Ахатов Таңат Қуанұлының 50 жас мерейтойын дүбірлетіп тойлайын деп жатырмыз. Жалпы елге танымал, Баянауыл өңіріне, мына Кереку өңіріне , бүкіл іс-шараның басында жүретін. Мәдениет саласында болсын, білім саласында болсын, ерең еңбек етіп жүрген азаматтың бірі. Ердің жасы 50ге келіп отыр. Осы Кереку қаласының зиялы қауым атынан, ғалымдар атынан Таңат бауырымызды осы 50 жас мерейтойымен құттықтаймыз. Шығармашылық табыс тілейміз, деніне саулық тіейміз. Тек қана жақсылық болсын.

Кеш шымылдығын Таңат Ахатовтың шәкірттері ашып, сахна төрінде айтыс ұйымдастырды. Олар ұстаздарына арналған арнау өлеңдері арқылы ерекше ықылас білдірді.

Таңат Ахатов – өнер мен ғылымды, ұстаздық пен шығармашылықты қатар алып жүрген жан. Өмірін өлеңмен өрнектеп, ұлттық өнердің дамуына 35 жылын арнаған ақын осы уақыт ішінде айтыскерлік пен жыршылық өнерде үлкен жетістіктерге жетті. Кеш барысында ақынның шығармашылық жолын қамтитын жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Жинаққа Таңат Қуанұлының өлеңдері, толғаулары, айтыс үзінділері және жыр-термелері енген.

ТАҢАТ АХАТОВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН

Бүгін мен үшін үлкен бір қуанышты күн. Себебі 50 жас ердің жасы деген жасқа келіп отырмын. Осы өмірде не атқардық, не істедік, не бітірдік деген бір халықтың алдында, елдің алдында есеп беру жұмысы болып тұр мен үшін. Жастық шығымнан бастап, осы уақытқа дейін жазған өлеңдерімді сұрыптай келе, соларды сабақтай келе. мына 6 ай бойы өз-өзімді зерттеп, қарап, соның бәрі жыр-жинақ шығардым. Ол кітабым «Жасыбай толқындары» деп аталады.

Шара соңында мерейтой иесі көрермендерге, ұйымдастырушыларға және шәкірттеріне алғыс білдіріп, ұлт өнерін одан әрі дамытуға бар күшін салатынын айтты.

Сабина Жолдаспаева