«Таза Қазақстан» бастамасы тиімділігін көрсетті. Премьер-министр Олжас Бектенов жалпыхалықтық акцияға осындай баға берді. Үкіметте экоакция асында атқарылған жұмыстар пысықталды. 1,5 миллоннан аса ағаш отырғызылған. 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Ал, қоқыс үйінділерін тазартпаған 164 лауазымды әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

 «Таза Қазақстан». Халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастырған бірегей жоба. Жалпыхалықтық акция. Былтыр бұл бастама 6,5 млн-ға жуық жанды біріктірді. 1 млн тоннадан астам қоқыс жиналды. Отырғызылған жасыл желектің өзі 1 миллион 600 мыңға жуықтаған. Акция аясында сондай-ақ, ескерткіштер де қалпына келтіріліп жатыр.

  АИДА БАЛАЕВА - ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ

Акция шеңберінде өткен «Киелі мекен» шарасын атап өткім келеді. Өйткені тарихи-мәдени нысандарын тазалап, ретке келтіруге үлкен септігін тигізді. Осының арқасында, ел-жұртымыз үшін 717 қастерлі орындар мен тарихи нысандар тазартуға ауқымды жұмыстар жасалды.

Проблема да жоқ емес. Қоршаған ортаны көгалдандыруда көшет жетпей жатыр. Бар болса, жер сіңбей, қурап жатқандары да көп. Осы мәселені шешу үшін Үкімет тарапынан ауқымды жоба қолға алынды.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ - ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ

Бүгінгі ең басты проблема ол көшеттің жетіспеуі. Тек ғана орман саласында емес, өңірлерде де көшеттерді отырғызу жетіспейді. Әр өңірдің климатына бейімделген көшеттерді өсіру, әрі осы тұқым бақтарды елдімекендерді көгалдандыруға өз ықпалын тигізеді деп ойлаймыз.

Қазір, үйілген қоқысты спутник арқылы бірден анықтап жатыр. Осылай күл-қоқысты тау-тау етіп үйіп, тиісті шара қабылдамаған 168 лауазымды әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жазаланғандардың 61-і аудан және қала әкімдерінің орынбасары. Салынған айыппұл көлемі 9,5 млн теңгеден асады.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ - ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ

Президенттің барлық бастамалары, оның ішінде экология мен қоршаған ортаны жақсарту, заңдылық пен тәртіпті сақтау қағидаты әр адамның ой-санасы мен мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және сол арқылы жалпыадамзаттық құндылықтарды қолдауға бағытталып отыр. Олар уақытша науқанға емес, табиғатты аялауға, айналаңа, тарих пен дәстүрге құрметпен қарауға үндейтін қоғамдық жаңа идеология ретінде орнығуы тиіс. Таза Қазақстан жоғары тиімділігін көрсетті.

Үкімет басшысы экологиялық мәдениет күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс деді. Сондықтан, барлық мемлекеттік орган мен бизнес және бүкіл қоғам болып осы жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырды. Жауаптыларға тиісті тапсырма берді.