Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап емханаларға тіркелу басталды. Бұл жыл сайын өтеді. Әрбір азаматқа өзіне ыңғайлы медициналық ұйымды таңдау үшін екі ай уақыт беріледі. Яғни, 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін тұрғындар келесі жылы қай емханада қызмет алғысы келетінін шешеді.

Облыс аумағында 30 медициналық ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Тіркелу бірнеше минут ішінде «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, азаматтар тікелей емханаға барып, жазбаша өтініш беру арқылы да тіркеле алады.

Айгүл Абылхасан, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі үйлестірушісі

Белгілі бір санаттағы азаматтар өтініш жазу арқылы ғана тіркеле алады. Олардың қатарында зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, бала кезінен мүгедек балалардың заңды өкілдері, мерзімді әскери қызметшілер, сот үкімімен бас бостандығынан айырылғандар бар. Сондай-ақ, шетелде туған балалардың ата-аналары, бөбектер үйі мен қарттар үйінің қамқоршылары және басқа өңірден келген студенттер де ректордың ресми өтініші негізінде тіркелуге мүмкіндік алады.

Берілген өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады. Қорытындысы азаматтың жеке кабинетіне түседі. Бұл тіркелу туралы хабарлама немесе негізделген бас тарту түрінде жолданады.

Айгүл Абылхасан, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі үйлестірушісі

Емхананы таңдау кезінде аумақтық қолжетімділік ескеріледі. Себебі дәрігердің үйге баруы үшін мекеме науқастың тұрғылықты жеріне жақын болуы тиіс. Сонымен қатар, әр учаскеге тіркелген халықтың саны да маңызды. Мәселен, бір учаскеде 1700 адамға дейін қабылданса, басқа жерде бұл көрсеткіш асып кетсе, онда азаматты тіркеуден бас тартуға болады.

Азаматтарға ішкі тіркелу мүмкіндігі де ұсынылады. Яғни, бір емхананың ішінде өз учаскеңізді ауыстыруға болады. Ол үшін күтудің қажеті жоқ. Кез келген уақытта тіркеу бөлімінде рәсімделеді.

Айгүл Абылхасан, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі үйлестірушісі

Әр азамат тек бір ғана медициналық ұйымға тіркеле алады. Жаңа емхананы таңдаған жағдайда бұрынғы тіркеу автоматты түрде тоқтатылады.

Тіркелу азаматтарға тегін медициналық көмекті пайдалануға жол ашады. Оның ішінде аурудың алдын алу шаралары, тексеру және емдеу жұмыстары бар. Бұл науқанның мақсаты халыққа медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, сапаны жақсарту. Отбасылық қызмет көрсету қағидатын дамыту.

Айгүл Абылхасан, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі үйлестірушісі

Балалар әрқашан ата-анасымен бірге тіркеледі. Өйткені медициналық қызметтерді алу кезінде заңды өкілдің қатысуы қажет. Қазір цифрлық жүйелер, Face ID сияқты технологиялар қолданылады. Сондықтан ата-ананың немесе қамқоршысының тіркелгені маңызды.

Соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа емханалар ашылып, учаскелердің жүктемесі азайды. Бұл халыққа медициналық көмекті жақындата түсті. Тұрғындар емханаға тіркелуді 1 қарашаға дейін жүргізе алады. Ал таңдалған мекемеде қызмет көрсету 1 қаңтардан басталады.

Сабина Жолдаспаева