Ертіс шаңғы базасында ерекше веложарыс өтті. Оған жүзге жуық әуесқой мен кәсіби спортшы қатысты. Шара қала тұрғындарын салауатты өмір салтына баулуды мақсат етті.
Алдымен 5 шақырымдық марафон өтті. Бұл кезеңге кез келген қала тұрғыны қатыса алды. Бірі алғаш рет бағын сынаса, енді бірі денсаулығын шыңдау үшін келген. Қатысушылардың арасында ересектермен қатар балалар да болды.
Еламан Асылбеков, Павлодар қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы
Ертіс шаңғы базасында қала тұрғындары мен спортшылары арасында 5 км марафон яғни веложарыс ұйымдастырылып жатыр. Осы марафонға қаламыздың барлық тұрғындары мен спортшылар және ынтасын білдірушілер келіп қатысады.
Әуесқойлар арасындағы веложарыстан кейін кәсіби спортшылар үшін «экидэн» атты жарыс ұйымдастырылды. Бұл сында әр команда үш адамнан құрылып, жалпы ұзындығы 48 шақырымды бағындыруы тиіс болды.
Виктор Бондарь, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері
Бұл жарыста үш жас ерекшелігі қарастырылды. Алғашқы кезеңде – 50 жасқа дейінгі ерлер, екінші кезеңде – 50 жастан асқан ерлер, ал үшінші кезеңде кез келген жастағы әйелдер бақ сынады. Барлығы қосылып 48 шақырымды жүріп өтеді. Яғни бірінші ер адам 18 км, екінші ер адам 18 км, ал әйел қатысушы 12 км қашықтықты бағындырады.
Қатысушылардың арасында алғаш рет жарысқа келгендер және спортпен жаңа шұғылданып жүргендер болды. Бірі қызығушылықпен келді. Шыңдалып, шынығуды мақсат еткендер де қатысты.
Мадина Абайдулина, қатысушы
Мен бұл жарысқа алғаш рет қатысып отырмын. Өзімнің велосипедом жоқ, жалға алдым. Әрине, дайындық деңгейім өзгелерден төмен, бірақ бар күшімді салып көруге тырысамын. Кейде әуесқойлар арасында жүгіріп тұрамын.
Бауыржан Назенов, қатысушы
Биыл мүмкіндігінше барлық жарыстарға қатысып жүрмін. Бұған дейін спортқа қатысым жоқ еді. Кейін кәсіби жарыстарға шыға бастадым. Бұл жолы да командалық жарысқа қатыстық. Ауа райы қолайсыз болды, жер дымқыл болғандықтан, жылдамдық әдеттегіден баяулады. Сондықтан барынша абай болдық.
Жарыстың соңында командалар Павлодар қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан арнайы сыйлықтармен марапатталды. Осылайша, Ертіс шаңғы базасында өткен веложарыс қала тұрғындарын біріктіріп, салауатты өмір салтын насихаттады.
Сабина Жолдаспаева