Павлодарда спорт пен көңілді бірге ұштастырған ерекше мереке өтті. №37 мектептің стадионында «ERTIS AULA FEST» атты спорттық-ойын-сауық фестивалі ұйымдастырылды. Бұл шара қала тұрғындары үшін екінші рет өткізіліп отыр.
Осылай алаңға жиналған тұрғындар бірге жаттығу жасап, спорттың қуанышын сезінді. Мұндай ауқымды шара адамдардың бос уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді. Отбасылар арасындағы бірлікті нығайтып, қала жастарына үлгі көрсетеді.
Русана Сулаймонова, «Jasyl ei» Павлодар облыстық штабының директоры
Біз бүгін заң мен тәртіп платформасын насихаттау аясында осы Тәшенов атындағы жалпы мектепте жиналып отырмыз. Біздің мақсатымыз балалар арасындағы салауатты өмір салтын насихаттау, оның ішінде спортқа баулу деген мақсатпен жүргізіп жатырмыз. Шарамыздың ерекшелігі бұл жарысқа тек балалар емес, олардың ата-аналары да қатысып жатыр. Өйткені оларға арнап отбасылық эстафета жоспарладық. Барлық қатысушылар үшін біз түрлі сыйлықтар ұсынамыз. Әрине, жеңімпаздар болады. Сондықтан осы сенбі күні осындай мерекелі күнде керемет өтіп жатыр.
«ERTIS AULA FEST» аясында түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Жастар баскетболдан турнирде бақ сынады. Отбасылар көңілді эстафетаға қатысып, өз ептілігін көрсетті. Ал күш атасын танытқан жігіттер армрестлингтен жарысты. Сондай-ақ қонақтарға ашихара каратэ шеберлері әдемі өнерлерін ұсынды.
Айша Оздоева, қатысушы
Мен 6 жасымнан бері каратэге қатысып жүрмін. Кейін осы спорт түрі қатты ұнай бастады. Қазір 14 жастамын. Жарыстарға қатысамын. Өскеменге де барып келдім. Әрине, алғашында қиын болды. Бірақ уақыт өте келе жаттығып, үйренесің. Ең бастысы, бұл – өзің үшін айналысатын спорт. Қыз балаларға каратэ өте қолайлы. Бұл қауіпті емес, денсаулыққа пайдалы әрі тәртіпке баулиды.
Бұл фестивальді Павлодар қаласының ішкі саясат бөлімі мен «Жасыл Ел» студенттік-жастар штабы ұйымдастырды. Сонымен қатар облыстық полиция департаменті мен дене шынықтыру және спорт бөлімі қолдау көрсетті. Көрермендер назарына бирмандық бокс спортшыларының өнері де ұсынылды.
Әлихан Кенжеқанов, қатысушы
Бирмандық бокс — ерекше спорт. Мұнда шынтақпен соққы жасау, құлату тәсілдері бар. Мен бұл спортпен айналысуды өзімді қорғау үшін бастадым. Отбасыңды да, өзіңді де қорғай аласың. Сонымен қатар денсаулыққа пайдалы. Мұндай шаралар жиі өтсе деймін. Себебі мұнда адамдар көп жиналады, жаңа достар табасың.
Ерекше спорттық фестиваль жастардың уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік берді. Тұрғындар бір-бірімен етене араласып, салауатты өмір салтының маңызын түсінді. Осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасан табады.
Сабина Жолдаспаева