Павлодарда тәртіп бұзғандар жауапкершіліктен тыс қалмайды. Жыл басынан бері полицейлер бір мыңнан астам ұсақ бұзақылық фактісін анықталып, 7 мыңнан аса жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.
Ұсақ бұзақылық ең көп таралған әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі. Мәселен, теміржол вокзалында темекісін шегіп болған ер адам тұқылын жерге тастаған. Тағы бір тұрғын қасындағы қоқыс жәшігін пайдаланбай, темекі қалдығын көшеге лақтырған. Барлық құқықбұзушыларға қатысты әкімшілік шара қолданды. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілердің де жауапкершілігіне назар аударады. Биыл 7 744 павлодарлық жол қозғалысы ережесін бұзған. Көбіне тұрғындар жолды белгіленбеген жерден кесіп өтеді. Ал кейбірі құлаққап тағады. Айта кетейік, жол ережесін елемегендерге 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Полицейлер жаяу жүргіншілерге жолдан өткенде барынша зейінді болып, тек арнайы өткелді пайдалануға кеңес береді. Ал жүргізушілерге жаяу жүргінші жолына жақындағанда міндетті түрде жылдамдықты азайтып, адамдарға жол беру қажет екені ескертеді.
Сабина Жолдаспаева