Жаңа оқу жылы Павлодар облысында жағымды жаңалықтармен басталды. 360 мектепте 116 мыңнан астам оқушы білім алуда. Жыл басында 32 мектеп жөнделіп, 21-іне жаңа кабинеттер орнатылды. Барлық оқушы оқулықпен қамтылды. Бірнеше ауылда шағын мектептер пайдалануға берілді. Бұл туралы жуырда тағайындалған басқарма басшысы брифингте айтты.

Барлық оқушы 100% оқулықпен қамтамасыз етілді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына мектеп формасы мен оқу құралдары үшін қаржылай көмек көрсетілді. Биылдан бастап мектеп асханаларында жаңа бірыңғай стандарт енгізілді. Енді балалардың ас мәзірі салауатты әрі пайдалы өнімдерден тұрады. Одан бөлек, өңірде 42 колледж жұмыс істейді. 22 мыңнан астам студент білім алуда. Мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылданғандар саны артып, биыл 6250 орын бөлінді. Одан бөлек, биыл үш жаңа балабақша ашылып, 140 орын пайдалануға берілді.

Айгерім Әбенова, Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы

Бұл өңірде мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты заңнамалық өзгерістер болды. Биыл 9 шілдеден бастап қаулыға толықтырулар енгізілді. Енді көпбалалы отбасылардан шыққан, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен балалар балабақшада тегін тамақтана алады. Жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 10 451 бала барды.

Жаңа оқу жылында үш заманауи шағын мектеп пайдалануға берілді. Олардың бірі – Аққулы ауданы Тлектес ауылында, тағы бірі – Павлодар ауданындағы Бiрлiк ауылында, үшіншісі – Ертіс ауданындағы Буланбай ауылында. Сондай-ақ Достық шағын ауданы да мектеп есігін айқара ашты. Аймақта 840 білім беру ұйымы жұмыс істейді.

Айгерім Әбенова, Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы

Облыста ұлттық пилоттық «Жайлы мектеп» жобасы аясында білім нысандарының құрылысы жүргізілді. Достық шағын ауданында 1200 орынға арналған №48 мектеп ашылды. Сондай-ақ 600 орындық №47 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепке 288 орындық қосымша ғимарат салынуда. Бұдан бөлек, 1 қыркүйекке дейін жаңа үлгідегі шағын жинақты мектептер ашылды. Осылайша, жаңа мектептердің іске қосылуының арқасында келесі жылы үш ауысымды оқыту мәселесін толық шешу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда оқушы орындарының тапшылығы 1900 орынды құрайды. Бұған дейін бұл көрсеткіш 6000-нан асатын. Бұл қадам бізді екі ауысымды оқытуға көшуге жақындатады.

Мектептерде жаңа «Адал азамат» бағдарламасы іске қосылды. Ол балалардың бойына патриотизм, бірлік, жауапкершілік және еңбекқорлық сияқты құндылықтарды сіңіруге бағытталған.

Сабина Жолдаспаева