Үміт үзбеу қоғамдық қоры 15 жылдығын атап өтті. Осылайша 15 жылда атқарылған игі істер қорытындыланды. Бұл уақытта қормен бірқатар ірі жобалар қолға алынды, қаншама бала шетелде ем алды. Қор қанша адамның үміт отын жақты. Гала-концертке барып келген тілшіміз тақырыпты тарқатсын.
«Үміт үзбеу» қоғамдық қоры осыдан 15 жыл бұрын ашылды. Осы уақыт ішінде талай баланың еміне шипа тауып, талай әйелдің тағдырына бей-жай қарамай көмек қолын ұсынды. Осы қордан түрлі жәрдем алған жандар өмірден, қоғамнан үмітін үзбеді.
Гаухар Омарова, «Үміт үзбеу» ҚҚ басшысы
15 жылдың ішінде әлбетте көп жұмыс атқарылды. Алдымен мүгедектігі бар балаларды емдеу бойынша жұмыс жасадық. Олардың қоғамға араласуын үшін емдеуге шетелге жіберіп отырдық, демеушілердің көмегімен. Ол үшін алдымен қайырымдылық концерттерін өткізетінбіз, демеушілерге жүгінетінбіз. Осы қайырымдылық кештері аясында 15 баланы емдеуге Қытай, Ресей, Үндістан сияқты елдерге жібердік.
Сонымен қатар, осы балаларды бағып отырған аналарға ерекше қолдау көрсету мақсатында қоғамдық қормен біраз жобалар қолға алынды. Олардың еңбекке араласып, бос уақытын тиімді өткізіп, оқытудан өтуі үшін жұмыстар жасалды. Қазіргі таңда қор тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен тұлғалармен психологиялық жәрдем ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуде.
Гаухар Омарова, «Үміт үзбеу» ҚҚ басшысы
Бүгінгі шараға мен мүгедектігі бар шығармашыл балалардың қатысуын қаладым. Сурет салатын, ән айтатын, өлең оқитын, аспапта ойнайтын балалардың басын қостым. Себебі ол балалар басқаларымен тең дәрежеде болуы керек. Оларға көңіл жан жақты бөлінуі тиіс. Шығармашылық жұмыстарды іріктеп бүгін сахнаға шығаратын боламын.
Бірінші облыстық гала фестивальде өнерлі жастар барын салды. Іріктеу кезеңде 63 жұмыс бағын сынап, қорытынды кешке жолдама алды. «Көркем сөз» аталымында Алтынбек Ерсінұлы екінші орынға ие болды. Ол Абай Құнанбайұлының «Жасөспірім замандас» туындысын оқыды.
Алтынбек Ерсінұлы, қатысушы
Абай Құнанбаев «Жасөсіпірім заман» болды. Кішкене қобалжыдым. Анаммен бірге репитиция жасадым. Мен отбасы жақсы қолдады. Әрбір бала әрбір адамның өз таланты бар. әлемге көрсету керек. Менің ойымша осындай конкурстан көп болу қажет.
Фестиваль барысында үздік туынды иелері алғыс хаттар мен естелік сыйлықтармен марапатталды. Ешкім назарсыз қалмады. 15 жылда «Үміт үзбеу» қоры осылай қаншама жанның үмітін сөндірмеді.
Самал Қалиқызы