Павлодарлық оқушылар қыш құмыра ісінен шеберлік сабағына қатысты. «Шеберхана» жобасы аясында қышпен жұмыс жасауға мүмкіндік алды.
Бұл қаламызда алғаш ашылған қыш өнерінің студиясы. Жалпы гончарлық іс соңғы жылдары қатты дамып келеді. Бұған себеп оның қол моторикасын дамытуға тигізер пайдасы. Өйткені соңғы кезде қоғамда бала тілінің кеш шығуы, ағзаның кеш дамуы сынды диагноздар жиі кездеседі.
Қыш өнері көнеден бастау алған кәсіп түрі. Оның тарихы ғасырлар бұрын бастау алып, жасалу технологиясы жылдан-жылға күрделене түскен. Бүгінде қыш құю ісімен айналысатын шеберлер көп емес. Алайда өнімге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Осы ретте гончарлық іс студиясында оқушыларға мастер класс ұйымдастырылды.
Оқушылар кезек-кезек ортаға шығып, бар өнерлерін, ынталарын көрсетті. Алғашқы құмыраларын жасады. Жалпы құмыра әр түрлі техникамен жасалады. Ең басында саз балшықты гончарлық шеңберге ұстату үшін кішкентай ғана сазды шеңбердің ортасына қою керек. Одан кейін гончарлық шеңбердің ортасына сазды бар күшіңізді салып жапсырасыз. Саз-балшық қатты жабысу керек. Оны кептіру процесі де ұзақ дейді қыш өнерінің шебері.
Қыш жасау кезінде ойыңыз бен бойыңызды баураған дүние дайын болған туындылар көздің жауын алады. Әдемілеп бояп қойсаңыз тіпті жақсы. Атадан қалған мұраның қайта жанданып келе жатқаны қуантады.
Самал Қалиқызы