Павлодар облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінде отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ашық есік күні өтті. Шара барысында балалар үшін спорт эстафетасы ұйымдастырылды. Тілшіміз айтсын.
Биыл Қазақстан Республикасының қаржылық мониторинг Агенттігінің құрылғанына 4 жыл толады. Осыған орай Павлодар облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті ерекше жоба қолға алды.
ЕРІК ЕСЕНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ
Павлодар қаласы бойынша және облыстық мектептерде шынайы ашық сабақтар жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оларға біздің жұмысымызды таныстырып, құқықтық лекцияларды оқитын боламыз.
Дәрістерден бөлек, жастарды департаменттің жұмысымен таныстыру, спортқа баулу көзделіп отыр. «Ашық есік» аясында Павлодар облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментіне қонаққа отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілері келді. Олар эстафеталық жарыстарға қатысты. Ал аниматорлар олардың көңілін көтерді.
Жалпы бұл шара екі күндік, ертең тәрбиеленушілер департаменттің жұмысымен ішінен жақын таныса алады.
АЙБЕК ОРАЛХАН, «ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ОТБАСЫ ҮЛГІСІНДЕГІ БАЛАЛАР АУЫЛЫ» МЕКЕМЕСІНІҢ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ПЕДАГОГЫ
Павлодар облысы бойынша тергеп тексеру департаменті ғимаратында спорт сайысы ұйымдастырылып жатыр. Эстафетаға 58 тәрбиеленуші қатысып отыр. 5-15 жас аралығы. 4 команда жасақталды. Спорт басқармасының қызметкерлері көмектесуде.
Жоба патриоттық тәрбие беруде, мамандық таңдауда, қаржылық сауаттылықты арттыруда маңызды, дейді ұйымдастырушылар. Эстафета соңында қатысушыларға сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Самал Қалиқызы