Павлодар облысының мемлекеттік қызметкерлері қан тапсырды. Дәстүрге айналған шараға 30-дан астам азамат қатысты. Жалпы қан тапсыру маршруты қандай? Тілшіміз тағы бір мәрте еске салсын.

Қазіргі таңда қан доноры болу маңызды. Себебі кез келген медициналық манипуляциялар, операциялар, қан кетулер донорлық қан мен қан компоненттерін қажет етеді. Сондықтан еріктілер барынша қан тапсырып, игі іске қатысып тұрады. Осы жолы мемлекеттік қызметкерлер келген.

ЕРҒАНАТ ӘБИСАЛЫҚОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ

Көбінесе жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер тарапынан, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері қатысты. Әртүрлі мемлекеттік органдардан келеді.

Қан тапсыру – азаматтық парыз. Осы ретте, қан доноры болу үшін 18 жастан асқан кез келген облыс тұрғыны Естай 79 көшесіндегі орталыққа келіп, тиісті тексерістерден өтіп, қан донациясына жіберіледі. Қан тапсыру бағыты бірнеше кезеңнен тұрады.

САРА СЫЗДЫҚОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ҚАН ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Алдымен инфодонор ақпараттық порталында тіркелу керек. Одан кейін донор қан донорының анкетасын толтырады. Кейін донор лабораторлық тестілеуге барады, сол кезде донордың қан тобын, резус фактор, антиденелерді, гемоглабин деңгейін анықтаймыз. Кейін олар терапевттердің кабинетіне өтеді. Сол жерде азаматтардың анамнезі сұралады. Қандай аурулармен ауырғаны айтылады. 450 миллилитр доза тағайындалады. Бұл ересек адамға тән физиологиялық мөлшер. Қан тапсырар алдында донор шәй ішеді. Ол қанды сұйылтуға қажет. Бәрі дұрыс болса донор қан донациясына жіберіледі.

Қан тапсырғаннан кейін донорларға 2 күнге жұмыстан босатылғаны туралы анықтама мен 0.25 АЕК көлемінде өтемақы беріледі. Жалпы бүгін 30-дан астам мемлекеттік қызметші қан тапсырып, донор болды.

Самал Қалиқызы