2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңартылған Салық кодексі күшіне енеді. Бұл құжат салық жүйесін жеңілдетумен шектелмей, салық салудың тұтастай жаңа қағидаттарын енгізуге бағытталған. Бүгін өңір кәсіпкерлеріне, шаруаларға, есепшілерге өзгерістер бойынша семинар өтті.
Жаңа кодекстегі басты өзгеріс – арнайы салық режимдерінің саны жетеуден үш негізгі түрге қысқарады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін: 4% мөлшерлеме, жылдық табыс 15 млн теңгеге дейін. Бұл режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді және артық бюрократияны болдырмайды. Ал, жеңілдетілген декларация жылдық айналымы 2,36 млрд теңгеге дейінгі кәсіпкерлерге арналған. Базалық мөлшерлеме – 4%, бірақ маңызды ерекшелігі – жергілікті мәслихаттар бұл мөлшерлемені 2%-дан 6%-ға дейін өзгерте алады. Бұл әр өңірдің экономикалық жағдайына бейімделуге жол ашады. Шаруа және фермер қожалықтары үшін бұрынғы режим сақталады, бірақ енді бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы енгізіледі.
Жәнібек Нұржанов, ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары
Корпоративтік табыс салығы 20 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда сараланған салықтық мөлшерлеме енгізіледі. Атап айтқанда, банктер мен ойын бизнесі үшін – 25 пайыз болады. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы 5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2027 жылы 10 пайызға дейін ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме қалады.
Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Атап айтқанда, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды. Қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді.
Жәнібек Нұржанов, ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары
Индексация жөнінде біраз сұрақтар болды. Яғни теңгелік несие валюта бағамына бағынышты болатын кездер болды. Енді бұл индексацияны алып тастадық. Ол нақты несиенің сомасына байланысты болады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен шағын бизнес үшін бірыңғай жер салығы алынып тасталды. Жекелеген алымдар бойынша мөлшерлемелер қайта қаралып, жеңілдетілді.
Жәнібек Нұржанов, ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары
Мемлекеттік құнды қағаздар бойынша, осыған дейін кірістер өзгеріп отыратын. Енді мемлекеттік құнды қағаздар бойынша кірістерге енгізіледі. Яғни 20 пайызбен, ал банк ұйымдарына 25 пайыз болып есептеледі.
Құны жоғары тауарлардың жекелеген санаттарына акциз салығы енгізіледі. Құны 75 млн т-ден асатын автокөліктер, құны 100 млн т-ден асатын яхталар мен катерлер, литрі 500 мың т-ден қымбат алкоголь өнімдері, бір данасы 10 мың т-ден асатын сигараларға акциз салығы енеді. Жалпы құны 450 млн т-ден асатын жылжымайтын мүлікке мүлік салығы жоғары мөлшерлеме бойынша есептеледі. Аталған барлық санаттар үшін акциз мөлшерлемесі 10 % деңгейінде белгіленеді.
Жәнібек Нұржанов, ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары
Мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс жасау бойынша бұрынғы шарттар өзгермеді, яғни бұрынғыдай олар барлық қызметкерлердің 51 пайызын құрау керек. Бірақ енді мүгедектігі бар азаматтар бір ғана келісімшартпен, бір ғана мекемеде жұмыс жасауы керек. Салық базасында шатасу болмау үшін.
Инвестициялық қорлар өзгерістер арқылы кірістерін азайта алады. Бірақ өзгеріс мүлік қорларына қатысты емес. Жеңілдіктер тек инвестициялық қорларға қарастырылады. Сондай ақ, енді мүлікті бағалау үш жылда бір ақ рет жүргізілу керек.
Жәнібек Нұржанов, ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары
Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген қосымша құн салығы мөлшерлемесі белгіленді. 2026 жылдан 5 пайыз, 2027 жылдан 10 пайыз. Бұл ретте Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы қызметтер, Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, сондай-ақ баспа түріндегі кітап шығару, археологиялық жұмыс жүргізу қызметтері қосымша құн салығынан босатылады.
Жаңа салық кодексіне осыдан басқа да маңызды өзгерістер енгізілді. Біртіндеп қоғам арасында бүгінгідей таныстырыла бастайды. Семинар барысында жергілікті кәсіпкерлер, есепшілер, шаруа өкілдері өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Айта кетейік, жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Самал Қалиқызы