Бүгіннен бастап павлодарлық жедел жәрдем дәрігерлері бейнежетондарды пайдаланады. Мұндай құрылғылар Қазақстан үшін жаңалық емес. Полиция қызметінде қолданылып келе жатқанына біршама уақыт болды. Дәрігерлер бейнежетонды жедел жәрдем бригадасының қауіпсіздігі мақсатында қолданады. Әрине, мақсат тек қана ол емес.

Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметкерлері наурыз айынан бастап бейнежетондармен жабдықтала бастады. Ол кезде пилоттық режимде Астана мен Алматыдағы жедел жәрдем қызметіне камералары, GPS және дүрбелең түймесі бар жаңа құрылғылар енгізілді. Бүгіннен бастап бұл жаңашылдық павлодарлық медицинаға да жетті.

Ирина Мищенко, Павлодар облыстық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары

Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясында барлық мобильді бригадалар жылжымалы камералармен жабдықталды. Бұл тек жедел жәрдем бригадасының қауіпсіздігін сақтап қана қоймайды. Сонымен қатар жауапкершілікті де арттырады. Кейбір даулы мәселердің шешімін табуға да көмектеседі.

Жыл басынан бері Павлодар облысында жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасаудың үш оқиғасы тіркелді. Сонымен қатар, қоңырау шалушылардың агрессивті мінез-құлқы диспетчермен байланыс орнату кезеңінде жиі көрінеді.

Ирина Мищенко, Павлодар облыстық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары

Шақыру қоңырауы кезінде кейде дөрекі сөздерді де естіп қаламыз. Бұндай қылықтар пацинеттер тарапынан да, олардың жақындары тарапынан да болады. Қазір бригада смартфонмен жүреді ғой. Науқас туралы ақпаратты сонда енгізеді. Кейбір адамдар дәрігерлер онымен ойнап отыр деп сындырып тастаған жағдайлар да болды. Көлікке де зақым келтіргендер де болды.

Жалпы, облыстық жедел жәрдем станциясы күніне 700 ден бастап, 1500-ге дейін шақыртуларды қабылдайды. Байланыс орталығында тәулігіне 24 сағат аға жедел жәрдем дәрігері кезекшілік етеді, 10 диспетчер, 70 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді.

Қауіп төнген жағдайда дәрігер бейнежетон арқылы дереу полицияға сигнал бере алады. Болған оқиғаның барлығы бейнекамераға жазылады. Кезекшіліктен кейін бейнелер көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесі бар серверге автоматты түрде жүктеледі. Бейнематериалдарды қарауға ерекше жағдайларда, мысалы, оқиғаларды талдау кезінде немесе қызметтік тергеу шеңберінде ғана рұқсат етіледі.

Жанасыл Серікбол