Баянауыл ауданында туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа, заманауи визит-орталық салынып жатыр. Бірқабатты нысан туристік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған, қазір маңызды жоба аяқталуға жақын. Онда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Тілші материалынан көрейік.

Мұнда құрылыс жұмыстары сәуір айында басталған, мердігер ұйым қарқынды жұмыс істеп келеді. Қазір ғимараттың қабырғасы қаланып, шатыр жабу, қабырға және витражды терезедер орнату жұмыстары қолға алынуда. Жобаның құрылымында заманауи архитектуралық шешімдер мен экологиялық стандарттар, қауіпсіздік шаралары да ескерілген.

Аталған нысан туристер үшін маңызды инфрақұрылымның бір бөлігі болмақ. Визит-орталықта келген қонақтар өңірдің көрікті жерлері, тарихи ескерткіштері, туристік бағыттары туралы толыққанды ақпарат ала алады.

Әділет Серік, Баянауыл ауданы экономиканың нақты сектор бөлімінің бас маманы

Бұл визит орталықтың ішінде өлкетану музейі қарастыралытн болады.Туристерге арналған ақпараттық орталық, туристтік маршруттар қандай, демалыс орындары жайлы ақпарат алатын орталық болады. Және осы визит орталықта Баянауылдың сакральды орын туралы айтатын осындай визит орталықтың құрылысы жүріп жатыр.

Жаңа нысан тек туристерге ғана емес, жергілікті экономиканың дамуына да оң ықпал етпек. Қосымша жұмыс орындары ашылып, қызмет көрсету саласы жанданады. Айталық, визит-орталық ауданға кіреберісте, қолайлы жерде орналасқан.

Әділет Серік, Баянауыл ауданы экономиканың нақты сектор бөлімінің бас маманы

Орналасқан жері қолайлы жерлердің бірі. Себебі, кіреберісте. Жасыбай демалыс аймағына өтетін жер, аудандық маңызы бар жолдың бойында орналасқан. Туристер үшін өте ыңғайлы, Баянауылға кірген кезде визит орталық болады. Ақпаратын алып, сол жердің тарихын біліп, өлкетану музейімен танысуға бәріне өте қолайлы орын болып тұр.

Сұлу өлкенің тұрғындары мен келушілері үшін ерекше болатын визит-орталыққа 897млн теңге жұмсалды. Жоспар бойынша нысан биыл желтоқсан айының соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Қымбат Садық