Бүгінде сұлу мекен Баянауылға жергілікті тұрғындардың ғана емес, алыс-жақын шетелдік туристердің де қызығушылығы жоғары. Жаз шыға осы өлкеге ағыла бастайды. Сондықтан да өңірдегі билік өкілдері аймақтағы туризмді дамыту жолдарын кеңейтуді қолға алған. Мәселен, қазіргі таңда Сабындыкөл жағажайы абаттандырылып, оң өзгерістерге толы болайын деп тұр. Толығырақ алдағы сюжеттен көрейік.

Сабындыкөлдің жаңаша кейіпке енуі – Баянауыл туризмінің жаңа кезеңге аяқ басқанының белгісі. Табиғатты сақтай отырып, инфрақұрылымды дамытудың бұл жобасы – тек жергілікті тұрғындар үшін емес, туристер үшін де маңызды. Бұл – ауданның әлеуетін арттырып, елдің экотуризм картасындағы орының нығайта түседі.

Фархат Дәрібай, Баянауыл ауылдық округінің әкімі

Сабындыкөл жағажайын абаттандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 623 млн 690 мың теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алулар порталында «Ертіс арт Сервиз» ЖШС мердігер ұтып алды. Құрылыс материалдарын жеткізу барлығы қарқынды жүріп жатыр. Барлығы жоспарға сәйкес, мердігер тарапынан ешқандай кедергісіз орындалып жатыр.

Мұндағы абаттандыру жұмыстары тек көркейту мақсатымен ғана емес, инклюзивтілікке, яғни ерекше жандардың кедергісіз демалуына аса мән беріп отыр. Жағажайға емін-еркін кіріп-түсуі үшін террассалық жол салынуда, ал көлік тұрағы асфальт жамылғысымен жабылған. Мердігер ұйым жоспарға сай жұмыс істеуде.

Никита Кордюков , учаске бастығы

Мүмкіндігі шектеулі жандардың жүруі үшін салынатын террассалық тақтаның металл қаңқасы орнатылып тұр. Енді үстіңгі бетін орнатамыз. Сосын барлық кіші сәулет нысандары осы негізде бір деңгейде орналастырылады. Жоба аясында күннен қорғайтын шатырлар, балалар мен волейбол ойын алаңы, орындықтар, қоқыс жәшіктері болады. Көлдің екі жағында өткізу-бақылау пункттері орнатылады. Ал орталық кіреберісте келушілерді қарсы алатын арка саламыз. Жалпы, бұл өте әдемі жоба, біз оны мерзімінен бұрын, шамамен қыркүйек айының ортасына қарай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Баянауылдың ауа-райы қолайсыз болғандықтан, әрине жұмыс істеу сәл қиындық тудырады. Енді, алдағы уақытта жауын-шашын кедергі болмаса деген үміттеміз.

Қазір мұнда көлік тұрағы дайын. Енді инклюзивті топ өкілдері үшін арнайы белгілер орнатылады. Айта кетейік, абаттандыру барысында жағажай жабылған жоқ, келетін демалушылар үшін барлық қауіпсіздік ережері сақталды. Ал Баянауылдың табиғатымен үйлесімді болуы үшін сапалы материалдар сатып алыныпты.

Никита Кордюков, учаске бастығы

Біз қолданылатын барлық материалдарды экологиялық тұрғыдан таза және қауіпсіз болуын ескере отырып таңдадық. Сонымен қатар, материалдардың түсі Баянауыл өңірінің табиғи түс гаммасына сәйкестендірілген. Негізі ашық қоңыр және қызғылт-қоңыр реңктер таңдалды — бұлар құмның табиғи түсімен ұқсас келеді. Ал мына террассалық тақта кәдімгі ағаштың түсінде, яғни табиғи ландшафтпен үйлесімді болу үшін таңдап алынды. Барлық материалдар 100 пайыз нысанға жеткізілді.

Келісімшарт негізінде жоба 8 айды құрайды, мердігер жұмысты қыркүйек айында аяқтауға ниетті. Қазіргі таңда туристердің дені Жасыбай бағытына жиі ағылатыны белгілі. Алдағы уақытта, инфрақұрылымы жақсарғаннан кейін, Сабындыкөлге келушілердің саны едәуір артып, ауданның туристік әлеуеті жаңа деңгейге көтерілмек.

Қымбат Садық