Аймақ басшысы Асайын Байханов облыс орталығындағы бірқатар өндірістік кәсіпорындарды аралап, олардың жұмысымен танысты. Алғашқы нысан — еліміздегі ірі химиялық зауыттардың бірі саналатын «Каустик» АҚ болды. Толығырақ аралауға бірге барып қайтқан тілшіміз Әйгерім Тоқпанқызының әңгімесінде.

Сапар барысында өңір басшысы «Каустик» зауытының жұмысымен танысты. Бүгінде кәсіпорында 440-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс негізінен каустикалық сода, сұйық хлор, натрий гипохлориті және тұз қышқылын шығарады. Өнім ел өнеркәсіптік кәсіпорындарына тасымалданады.

Ермек Тоқмағамбетов, «Каустик» АҚ бас директоры

«Каустикалық сода тұрмыстық және өндірістік ағын суларды тазартуға пайдаланылады. Сонымен қатар, су тазарту мекемелерінде, мысалы, су арналарында қолданылады. Ал тұз қышқылы – мұнай өндіру саласында кең сұранысқа ие. Кармет кәсіпорны өз технологиялық процестерінде пайдаланады. Біздің өнімдер Қазақстан бойынша барлық ірі өндірістік кәсіпорындарға жеткізіледі. Жаңа серіктестермен жұмыс істеуге әрдайым ашықпыз.»

Кәсіпорын мүмкіндігі зор. Жылына каустикалық сода — 30,000 тонна, сұйық хлор— 26,мың тонна, Тұз қышқылы — 45,000 тонна, Натрий гипохлориті — 6,600 тонна өндіріледі. Облыс әкімі кәсіпорынның жұмыс барысын көріп, өндірісті одан әрі дамыту мәселесін көтерді.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Біз алдағы 2-3 жылға арналған инвестициялық бағдарламаны дайындап жатырмыз. Оның жалпы құны шамамен 100 миллион АҚШ долларын немесе 55 миллиард теңгеге жуық қаржыны құрайды. Бұл — стратегиялық маңызды жоба. Акционерлермен келісіп, осы бағдарламаны іске асыруды бастау қажет. Қағаз жүзінде қалмай, нақты нәтиже беретін жоба болуы тиіс.

Зауыт өнімі шетелге де экспортталады. Сұйық хлор мен тұз қышқылы бүгінде Ресей нарығына жөнелтіледі. Кәсіпорын 2015 жылдан бері еліміздегі сұйық хлор мен тұз қышқылына деген сұраныстың 100 пайызын, ал каустикалық сода бойынша 90 пайызын қамтамасыз етіп келеді. Осыдан кейін облыс әкімі Асайын Байханов арнайы экономикалық аймақта орналасқан Павлодар мұнайкоксын күйдіру зауытына барды. Жалпы инвестиция көлемі 22 миллиард теңгені құрайтын бұл өндіріс орнында бүгінде 400-ге жуық адам еңбек етеді. Зауыт — Қазақстандағы алюминий кластерінің негізгі буыны. Мұнда шығарылатын прокалданған мұнай коксі ішкі нарықтағы сұранысты толық жабуға мүмкіндік береді.Кездесу барысында зауыт басшысы өндірістік қуаттың қазіргі таңда толық пайдаланылмай отырғанын айтты.

Сапар соңында облыс әкімі Асайын Байханов кәсіпорынның даму әлеуетіне тоқталып, аталған жобаның маңызын атап өтті. Ол өз орынбасары Әйгерім Қабылтаеваға бұл өндірісті облыстың индустриялық жобалар тізіміне енгізу туралы нақты тапсырма берді.

Әйгерім Тоқпанқызы