Биыл өңір прокурорлары 37 инвесторға қолдау көрсетті. Яғни, кәсібін кеңейтіп, өндіріс әлеуетін арттырып, кәсіпкерлер алдында қағаз бастылық пен кедергілерден қорғады. Бүгін Достық үйінде қадағалаушы орган өкілдері кәсіпкерлермен тағы кездесіп, ашық диалог орнатты. Тілші әңгімесінде.

Прокурорлар бизнесті қолдауға күш салып отыр. Елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға үлес қосып келеді. Қазір прокурор келісімін алмай ешкімнің инвесторды тексеруіне құқы жоқ. Айта кетейік биыл ұйымдастырылған тексеріс нәтижесінде 37 кәсіпкердің құқығы қорғалды.

ЖАНДОС САҒАТБЕКОВ, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ

Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу - біздің қадағалауымыздың басым бағыты. Бұл жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде – жер учаскесін алудан бастап өндірісті іске қосуға дейінгі кәсіпкерді құқықтық қолдау және қорғау. Ол үшін «прокурорлық сүзгі» жобасын да іске асырамыз. Мемлекеттік орган инвестордың көзқарасына қатысты кез келген шешімді прокурормен келісуге міндетті: тексеру, әкімшілік жауапкершілікке тарту, қызметті/лицензияны тоқтата тұру, сотқа талап қою. Жобаны іске асыруға кедергі келтіретін бұзушылықтар анықталған кезде - жедел қадағалау шараларын қабылдаймыз. Жалпы өңірдегі 37 инвестордың проблемалық мәселесі шешілді.

Бүгін өткен ашық алаңға 85 бизнесмен келді. Павлодар өңірінде инвесторларға заң тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Облыстық прокуратура мемлекеттік мекеме тарапынан түскен әр шағымға жауап беріп, бизнеске түсетін салмақты азайтады. Бұны жиынға қатысқан инвесторлар да айтып отыр.

МҰРАТ ӘУБӘКІРОВ, ИНВЕСТОР

Бұл кәсіпкерлер үшін жақсы бастама. Әсіресе, шетел компаниялары кедергісіз, қағазбастылыққа салынбай ісін ашты. Мен жоба жетекшісі ретінде бірден прокуратураға жүгіндім. Қадағалаушы орган қолдау білдіріп, құқықтық тәртіп негізінде қорғады

Бас қосуда бизнес үшін маңызды мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қаралады. Бұндай кездесуді қос тарап жиі өткізу керек екен айтады.

Әйгерім Тоқпанқызы