Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жастар бастамаларын дамыту орталығында «Girls girl» тақырыптық кеші ұйымдастырылды. Шараға 14 пен 35 жас аралығындағы қыз-келіншектер қатысты. Толығырақ келесі сюжетте.
Кештің басты мақсаты-жастарды біріктіріп, оларды шығармашылыққа шабыттандыру және өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беру. Бағдарлама қызықты ойындардан басталды. Қатысушылар түрлі интерактивті тапсырмалар орындап, бір-бірімен танысып, байланыс орнатты. Бұл ойындар сенімділік пен еркіндікті сезінуге көмектесті.
ТАМИРИС БЕСЕНОВА, КРЕАТИВТІ ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ
Біз халықаралық әйелдер күні қарсаңында Girls girl атты тақырыптық кеш ұйымдастырып жатырмыз. Қатысушылар саны шектеулі – небәрі 30 адам. Жалпы, біз осы мереке қарсаңында осындай шараларды үнемі өткізуге тырысамыз. Кеш психологпен кездесуден басталады. Ол қыздарды өздерін еркін сезінуге бағыттап, оларды шабыттандыруға тырысады. Сондай-ақ, күнделікті тірліктен шығуға көмектесетін пилатес бойынша шеберлік сабағы өтеді.
Кейін қатысушылар психологпен кездесті. Ол әйел энергиясын ашу жолдарын түсіндіріп, ішкі үйлесімділікті сақтауға арналған әдістермен бөлісті. Сондай-ақ йога бойынша мастер-класс ұйымдастырылды. Қыздар тыныс алу жаттығулары мен денені сергіту тәсілдерін үйренді. Йога сабағы ішкі тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
МАРЖАН БАХТИЯРОВА, ҚАТЫСУШЫ
Бұл шарадан мен, әрине, жағымды эмоциялар алдым. Барлығы жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Өйткені былтыр дәл осындай шарада мен кітап жеңіп алдым. Биыл бізді не күтіп тұрғанын әлі білмеймін, бірақ бәрі керемет өтетініне сенемін. Осындай шаралар өте қажет деп ойлаймын. Себебі олар қыздардың бір сәтке болсын күнделікті өмірден алыстап, жаңа эмоциялар алуына мүмкіндік береді.
Кеш соңында қонақтар үшін фуршет ұйымдасырылды.Олар жеңіл тағамдардан дәм татып, шығармашылық атмосферада еркін сұхбат құрды. Қатысушылар шабыт беретін фильм көріп, 2025 жылға арналған өз армандары мен мақсаттарын қағаз бетіне түсірді.
САБИНА ЖОЛДАСПАЕВА ЕВГЕНИЙ ОЛЕЙНИК ЕА