Күні кеше ғана еліміз бойынша су тасқынының алдын алуға бағытталған «Көктем-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Алдымен «Баршаның назарына» дабылы қосылып, құлақтандыру жүйесі тексерілді. Павлодар өңіріндегі жиын Баянауыл ауданында өтті.
"Көктем-2025" Республикалық командалық–штабтық оқу-жаттығу шеңберінде ТЖ департаменті азаматтық қорғау күштері мен құралдарын дайындыққа келтіру бойынша іс-қимылдарды пысықтады. Шара облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновтың қатысуымен өтті. Айта кетейік, қыс мезгілінің басынан бастап облыстың елді мекендерінен 753 мың текше метр қар шығарылған.
РУСТАМБЕК ӘМРИН, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫ
Күштер мен құралдардың практикалық дағдылары мен жауынгерлік дайындығын тексеру мақсатында "Көктем-2025" оқу-жаттығуы өтуде. Мұндай біз сценарий бойынша Қаныш Сәтбаев ауылындағы жылжымалы басқару пунктін, құрама эвакуациялық пунктті орналастыру іс жүзінде пысықталды. Сондай-ақ, халықты эвакуациялау, қар шығару, қапшықтарды төсеу, еріген суды сору және малды қауіпсіз орындарға айдау жүргізілді. Осы оқу-жаттығуға 302 бірлік техника мен жеке құрамның қызметкерлері жұмылдырылды.
«Көктем-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуына жергілікті атқарушы органдар, полиция және жедел жәрдем қызметкерлері, сондай-ақ, еріктілдер де атсалысты. Көктемгі төтенше жағдайдың барлық ықтимал жағдайлары, авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін бірінші кезектегі міндеттер айқындалды.
ҚЫМБАТ САДЫҚ, ЕА