Өңірімізде қырыққабаттың бағасы екі есе қымбаттады. Ал картоп бағасы 16%-ға өскен. Қазір дүкендер мен базарларда қырыққабаттың бір келісі 250-270 теңге тұрады. Жергілікті тұрғындар қымбатшылыққа наразы. Бағаның көтерілуіне не себеп? Толығырақ келесі сюжетте.

Жыл басынан бері Павлодар облысында көкөністердің бағасы айтарлықтай өсті. Ұлттық статистика бюросының өңірлік департаментінің мәліметінше, ақ қырыққабаттың бағасы 46%-ға, ал картоптың бағасы 15,6%-ға көтерілген. Шаһар тұрғындары да күнделікті тұтынатын өнімдердің қымбаттағанын байқап отыр.

Баға көкөністерге ғана емес, барлық өнімге көтерілді. Енді не істей аламыз.

Мен картоп сатып алмаймын. Бірақ білуімше оның да бағасы өсті. Сарымсақ та қымбат. Үлкен дүкендерден қырыққабатты 211 теңгеге алдым, ал басқа жерлерде 260 теңге тұрады.

Әрине, келіспейміз. Бәрі қымбат. Өмір сүру қиын болып барады. 00:08

Бағаның күрт өсуі жыл мезгіліне байланысты. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қыста және көктемде өткен жылғы өнімнің қоры азаяды. Ал жаңа өнім әлі шықпағандықтан, баға өседі. Тұрақтандыру қоры биыл 810 тонна картоп пен 105 тонна қырыққабатты сауда орындарына жеткізген. Облыста осындай 203 әлеуметтік дүкен бар.

АЗАМАТ ДӘНДІБАЕВ, «ПАВЛОДАР» ӘКК АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 4 200 тонна картоп пен 710 тонна ақ қырыққабат бар. Картоп дүкендерде 120 теңгеден, қырыққабат 157 теңгеден сатылып жатыр.

Ресми түрде өңірімізде көкөністер тапшылығы жоқ. Бірақ халықтың сұранысы жоғары болғандықтан, әлеуметтік бағамен сатылатын өнімдер тез өтіп кетеді.

Сабина Жолдаспаева