11 наурыз күні Ақсу қаласы Евгеньевка ауылында тұрғын үйде өрт шықты. Сағат 22:04 шамасында ауыл тұрғындары Сергей Дубинин мен Аркадий Серков жеке үйдің шатырынан өрт шыққанын байқады. Олар бірден өрт сөндіру қызметіне хабарласып, көмекке асыққан.

Өрт шыққан үйге кірген олар ішінде қалған 1956 жылы туған әйел мен 1955 жылы туған ер адамды аман алып шықты. Осы сәтте ауыл тұрғыны Артем Стоцкий өз көлігімен зардап шеккендерді шұғыл түрде Ақсу қаласындағы ауруханаға жеткізді. Олар өрттен қатты күйік алған. Өрт сөндірушілер жалынды толығымен сөндіргенге дейін қауіптің жоғары болғаны анықталды. Өрт орнынан 50 литрлік екі газ баллоны шығарылды. Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен ерікті өрт сөндірушілер жұмыс істеді.

СЕРІК ҚАЙЫРБАЕВ, АҚСУ ҚАЛАСЫ №12 ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ

Оқиға орнына жеткен кезде бір қабатты, екі пәтерлі үйдің жанып жатқаны анықталды. Өрттің жалпы аумағы 100 шаршы метр аумақты қамтыды. Өрт сөндірушілер екі РК-50 оқпаны арқылы жалынды өшіруге кірісті. Оқиға барысында екі адам құтқарылды. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Өрт сағат 00:33-те толықтай сөндірілді. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды қатаң түрде ескертеді.

Сабина Жолдаспаева