Павлодарда «ТАКОРП» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары салымшылардың қаражатына пәтер сатып алып, 4 депозит ашқан. Азаматтар жалпы сомасы 50 млн теңгеге алданған. Толығырақ келесі сюжетте.
2024 жылдың наурыз бен қыркүйек айлары аралығында күдіктілер «Такорп» қаржы пирамидасын басқарғаны анықталды. Олар АҚШ-тағы жарнамалық қосымшалар платформасы ретінде қызмет еткен. Қатысушыларды тіркеу үшін электрондық криптобиржа «ОКХ» арқылы криптовалюта сатып алуды ұсынған. Негізгі шарттардың бірі кемінде 5 жаңа салымшы тарту болған. Бұл шартты орындау арқылы құнды сыйлық ұтып алу мүмкіндігіне кепілдік берілген. 50-ден астам азамат осы уәделерге сеніп, 30-дан 500 АҚШ долларына дейін ақша салып, өз деңгейіне қарай 2 мың АҚШ долларына дейін бонустар алуға үміттенген.
ҒАЛИАСҚАР ҚАСЫМОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қылмыстық кірістің жалпы сомасы 50 млн теңгеден асты. Күдіктілер салымшыларының ақша қаражатына Павлодар қаласына 10 млн теңгеге пәтер сатып алып, банктерде 8 млн теңге сомасына 4 депозит ашқан. Сот санкциясымен жылжымайтын мүлік пен ақша қаражатына тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты «үйқамақ» түрінде шара қабылданды.
Айта кетейік, агенттік қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруде. Егер сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, экономикалық тергеп тексеру департаментіне жүгінуді сұраймыз.
Самал Қалиқызы