Павлодар облысында құтқарушылар қар құрсауында қалған автокөліктерді шығарды. Оқиға Жасыбай демалыс аймағы маңында және Новоямышев ауылының жанында тіркелді.
Бірінші оқиға Баянауыл ауданы Жасыбай демалыс аймағынан 10 шақырым жерде орын алды. 112 нөміріне жеңіл автокөлік қарға батып, қозғала алмай қалғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар көлікті сүйреп, жолдың тазартылған бөлігіне шығарды. Автокөлікте төрт адам болған. Медициналық көмек қажет болмады.
Екінші жағдай Павлодар ауданы Новоямышев ауылының маңында тіркелді. Түнде екі жеңіл автокөлік жол жиегіне түсіп, қар құрсауынан шыға алмай қалды. Құтқарушылар көліктерді шығарып, жолаушылардың әрі қарай жүруіне көмектесті. Зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі жүргізушілерге алыс жолға шығар алдында ауа райын тексеруге және қажетті заттарды өзімен бірге алып жүруге кеңес береді. Төтенше жағдай туындаса, бірден 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.
Сабина Жолдаспаева