Павлодарда «Ертіс аруы - 2025» байқауы өтті. Өңірдегі әр ауданның намысын қорғаған 16 қатысушы бақ сынады. Сайыс туралы толығырақ әріптесім тарқатсын.

Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын «Ертіс аруы» байқауы биыл өзіндік ерекшелігімен және ауқымдылығымен көзге түсті. Қатысушы 16 ару байқауға бір ай бойы дайындық жүргізіп, өздерінің ең жақсы қасиеттерін көрсету үшін бар күшін салды.

ЗАМИРА СОЛТАНОВА, «ШАҢЫРАҚ» ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Бүгінгі байқауымыз 4 кезеңнен тұрады. Оның ішінде дефиле, сән көрсетілімі, өнер көрсету және сұрақ-жауап кезеңдері бар. Кастинг өтті. Хореограф арнайы бір ай бойы қыздармен жұмыс жасады. Сонымен қатар, біз де сұрақ-жауап кезеңіне дайындалдық. Қыздар өз беттерімен дайындалған жоқ, олар біздің мамандармен бірге дайындалды.

Қатысу үшін негізгі талаптар - мемлекеттік тілді еркін меңгеруі, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды білуі, сондай-ақ сахнада өзін сенімді сезінуі керек. Әр қатысушы шығармашылықпен сахнаға шығып, ән шырқады, би билеп, ұлттық аспаптарда ойнап, көркем сөз өнерін көрсетті.

ДАЯНА ИБАДИЛЬДИНОВА, ҚАТЫСУШЫ

Жалпы бұл Ертіс аруы байқуына 2 мәрте қатысып жатырмын. Ең алғашқы рет қатысқанда тәжірибе жинақтаған едім. Осы жолы сол тәжірибені қолдану арқылы жеңісті қолға алу үшін келдім.

Арулар арасындағы бәсекеде мықтыны анықтау әділ қазылар алқасының құзырында болды. «Ертіс аруы – 2025» байқауында қазақ эстрада әртісі Медеу Арынбаев қонақ болды.

Сайыс қортындысы бойынша бас жүлде мен «Ертіс аруы - 2025» атағын Успен ауданының намысын қорғаған Камиля Мұхаметоваға бұйырды. Жеңімпазға “Ертіс аруы” тәжі ұсынылып, Түркия еліне жолдама табысталды.

Байтұрсын Жұмабай