Павлодардың ең кішкентай тұрғындары да Наурыз тойын тойлап жатыр. №33-ші балабақшаның бүлдіршіндері тәрбиешілерімен бірге ақшаңқай киіз үй тігіп, дастархан жайды. Ұлттық салт-дәстүрлер бойынша көріністер қойды. Атап айтқанда, тұсаукесер, бесікке салу салты жан-жақты көрсетілді. Сонымен қоса, мерекеге орай дайындаған ән мен жыр, би мен күй ойналды.
Ұлттық тәрбие беруде Наурыз мерекесінің балақайларға берері мол. Себебі, тәрбиелік мәні зор, ұлттық, төл мерекеміз жас буын өкілдері арасында кеңінен насихатталу керек. Олар ел болашағы. Балабақша ұжымы күн мен түн теңелетін көктемнің шуақты мерекесіне айрықша әзірленген. Ұлттық локациялар құрастырып, көпшілікке Наурыз көже құйып,бауырсақ таратты.
АЙНҰР ИСАБЕКОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ №33 БАЛАБАҚША БАСШЫСЫ
Мерекенің негізгі мақсаты - осы біздің балалардың қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдет ғұрыптарын, ұлттық ойындарын, би, әндерін танып білу. Балаларымызды жақсылыққа, мейірімділікке, бауырмалдылыққа тәрбиелеу. Тағы біздің үлкен мақсаттарымыздың бірі ата-аналар мен ұжымның, балалардың қарым-қатынасын нығайту. Ата-әжелер келіп өздерінің баталарын беріп жатыр. Оның өзі үлкен бір ғанибет қой бата алу.
Балабақша тәрбиеленушілері, ата-аналар мен қызметкерлер бірігіп, жаппай би билеп, ән айтты. Әкелер ұлттық ойындар ойнап, мерекелік шараның белсенді қатысушыларына айналды.
Бүлдіршіндер де Наурызға арналған тақпақтарын жатқа айтып, келген қонақтарды қуантты.
АЛИХАН ҚАЛКЕШ, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ
Наурыз келді еліме, наурыз келді жеріме. Байлы, бақыт тілеймін, бүкіл қазақ еліме. Бүршік жарып ағаштар, ашық ойнап балалар. Наурызды жылы қарсы алар, жасы үлкен ағалар.
БАТЫРХАН ҚАЙЫРГЕЛЬДИНОВ, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ
Наурыз келді алақай, кел билейміз балақай. Бізде қарап тұрмайық, тойға шашу шашайық.
Жаңа өмір бастауы саналатын Наурыз мейрамы бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл мейрам ұлттық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Сабина Жолдаспаева